Ресейдегі «Голос» жобасында ұлымен бір сахнада өнер көрсеткен ана Желі қолданушыларын тәнті етті. Massaget.kz тілшісі жобаның алғашқы іріктеу кезеңінен сәтті өткен отандасымыз Айнұр Нұрпейісовамен сұхбаттасты.
Айнұр Нұрпейісова 31 жаста, ол - Қызылорданың тумасы. Отбасымен Алматыға көшкеніне 10 жылдан асқан. Айнұр вокалдан сабақ беретінін, сондықтан бұл жұмыс жанына жақын екенін айтты.
«Бала кезімнен ән айтқанды ұнататынмын, көрші-қолаң алдында аулада концерт ұйымдастырғанды ұнататынмын. 17 жасымда ұлым дүниеге келді, біраз уақыт өткен соң вокалмен кәсіби түрде айналысуға бел будым, арманымды орындағым келді. Ал 21 жасқа толғанда Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына эстрада вокалы мамандығына түстім», ― дейді кейіпкер.
Айнұр Нұрпейісованың ұлы Тимур былтыр Ресейдегі «Балалар дауысы» жобасының 9-маусымына қатысқан. Ол Егор Кридтің командасына түскен. Іріктеу кезеңінде Тимур Александр Градскийдің «Как молоды мы были» әнін орындады.
«Біз таңдаған ән кастингте продюсерлердің жүрегін бірден жаулап алды, біз оны жайдан-жай таңдаған жоқпыз. Сол кезде Александр Градский қайтыс болған еді. Кейін жоба продюсерлері Тимурға кастингтен сәтті өткенін айтып, жобаның 1-кезеңі «Көрмей таңдауға» өткенін хабарлады. Көрермен Тимурға бірден ғашық болды», ― деп еске алды анасы.
Бір жылдан соң ұлының артынан анасы да бұл жобаға бақ сынап көруге келді.
«Ұлым «Балалар дауысы» жобасына қатысқанда барлық репетицияда, Егор Кридпен репетицияларда үнемі жанында болдым. Вокал мұғалімі болғандықтан, продюсерлер менің де ән айтатынымды байқады. Бұл жоба аяқталған соң, маған хабарласып, маған ересектерге арналған «Голос» жобасына қатысуды ұсынды. Мен кастингке келдім, бір-екі ән орындадым, келесі күні маған хабарласып, іріктеуден сәтті өткенімді айтып құттықтады», ― дейді кейіпкер.
Өнер иесі «Көрмей тыңдау» кезеңінде неге бұл әнді таңдағанын айтты.
«Ән таңдау жобаның продюсерлерімен бірге өтеді. Мен оларға 5-тен аса ән ұсындым, олар Бруно Марстың репертуарындағы Talking to the moon әні «Көрмей тыңдау» кезеңіне жақсы келетінін айтты», ― дейді ол.
Айнұр бұдан кейін де ұлымен ән айтуды жалғастырғысы келеді. Оның айтуынша, олар «Голос» жобасында алғаш көпшілік алдында бірге ән айтып тұр. Негізінен Тимур ән шығарады, үйінде кішкентай студио да бар. Айнұр баласы ән шығарып берсе, қуана орындайтынын айтты.
«Сахнаға шыққанда жыламай ән айта аламын ба?» деп қатты уайымдадым, өйткені ұлыммен сахнада өнер көрсеткенде қатты толқып кеттім. Анасы мен баласының бірге ән салғаны әдемі көрінеді, әрине, бірақ оның қаншалық қиын екенін ешкім білмейді. Сахнада тұрғанда аздап уайымдасаңыз - балаңыз мұны сезіп қояды, сіз үшін алаңдайды және ән айтып жатқанда оның көзіне қарап, сезімге берілесің. Өте қиын болды, әрине, бірақ қолымыздан келді», ― дейді Айнұр.
Өнер иесі сахнада ән айтып тұрған кездегі сезімін бөлісті.
«Ән айтып жатқанда бар ойым «тезірек бұрылса екен» деген ойда болды. Аяғында бәрінің бұрылғанын көріп, жылап жібердім, қатты қуандым және бір уақытта таңғалдым. Қолымнан келгеніне сенбедім, кешегі күн арман сияқты болып қалды. Сахнадан түсе беріп, бірден телефон алып, ата-анама қоңырау шалдым, олар мен үшін қатты қуанды», ― деді әнші.