суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-4oC
×

«Қасқыр алған Қалдан»: Қызылорда облысында сексендегі қария салт атпен жүреді

Қызылорда облысы Сұлутөбе ауылында сексеннің сеңгіріне келсе де салт атты жүретін ақсақал бар, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: 24.kz
Фото: 24.kz

Қалдан Шәмшиев жастарды ұлттық спортқа баулып, көкпар тартады. Қарттық шақта қадірлі әрі қарулы болудың сырын бөлісті.

Сексенге сергек шыққан Қалдан ақсақал әлі күнге асауға бас білдіріп, немерелеріне жылқы баптаудың қыр - сырын үйретуден жалыққан емес. Өмірде де, ат үстінде де тізгінге ие болудың маңыздылығын тай үйрету арқылы ұрпағына ұқтыруды үрдіске айналдырған.

«Әр жүйрік ат мінген сайын, әр адамнан озған сайын рухың артып, күшің дамып отырады. Қазір жастарымыздың бәрі өте жақсы. Аттың күштілігіне байланысты, жігіттің жүрегіне байланысты болып тұр. Мынау серкенің терісі өте мықты болады ғой. Соның өзін бөліп тастап жатыр балалар, тартқан кезде», — дейді Қалдан Шәмшиев.

Құрыштай мықты қарияның ауылдастары арасында «Қасқыр алған Қалдан» деген атағы бар. Жалынды шағындағы батырлығын көз көргендер аңыз қылып айтады.

«Бірден барып қасқырды қақ маңдайдан ұрды. Соны тірілей, есінен танып қалды ғой, алып шығып, ауызын байлап, ауылға тірілей алып келді ғой соны», — дейді Сұлутөбе ауылының тұрғыны Мәлібек Асанұлы.

Қалдан Шәмшиев жеті қыздың ортасында өскен жалғыз ұл екен. Жастайынан механизаторлықты меңгеріп, ауыл шаруашылығының ауыр техникаларын тізгіндеген. Егін егіп, мал баққан. Адалынан нан тапқан.

«Таза бейнетпен тапқан ақша тәтті. Ол отбасыңа да сіңімді, бәріне. Сондықтан қазір жұмыс көп, жоқ дейді ғой. Мен қазір 80-нен асып тұрмын ғой. Мен отыра алмаймын, балыққа барғым келеді. Оның өзі кәсіп», — дейді Қалдан Шәмшиев.

Зейнет шағында да қарайып, қарап отқан жоқ. Көліктің түр-түрін жүргізіп, түз тірлігін тындыра береді. Қалдан ақсақал ауыл жастарын ұлттық спортқа да баулып жүр. Көкпар десе делебасы қозып, сексеннің сеңгірінде тұрса да серке тартудан тайсалмады.

«Қалдан ақсақал атамыз бізге көкпар сайын келіп батасын беріп, ол кісісіз көкпар басталмайды. Сол кісінің батасымен басталады. Келгеннен кейін көкпардың қысылып тұрған ат бар ма соны бәрін айтып, мынаны суыт, мынаны келтіріңдер, мынаның терін үгітіп дайындап аттың қыр-сырын сол кісіден үйреніп, дайындалып келеміз», — дейді Сұлутөбе ауылының тұрғыны Шыңғысхан Батырхан.

Қарттыққа бой алдырмаған қария өмірлік жарымен бірге 7 баладан тараған немере мен шөберенің қолынан су ішіп, май жалап отыр. Үлкеннің өнегесін үлгі еткен ұрпақ өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 15