пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
0oC
Астана:
icon
-4oC
×

Қазақстандық қыз Түркиядағы келіндік өмірі туралы айтты

Алматылық Айғаным 1,5 жыл бұрын түрік жігіті Исмаилмен бас қосып, қазіргі таңда Стамбул қаласында тұрып жатыр. Әлеуметтік желіде танымал болған жұппен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

Фото: aiyamuhit/Instagram
Фото: aiyamuhit/Instagram

Айғаным жолдасымен Еуропада оқып жүргенде танысқан.

«2019 жылы Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында оқыдым. Интернет желісі арқылы Instagram-да таныстық. Танысуымыздың өзі қызық болды. Бес тіл білгендіктен, әр елдің мәдениетіне қызығамын. Сол үшін әртүрлі парақшаларға жазылып алғанмын. Сонда жарияланған түрлі мақалаларды оқып жүремін. Бір күні түріктердің жеке басқа қатысты парақшаларында қазақтың сондай алып, дәу ер азаматының суретін салып қойған екен. Соған Исмаил «бізде Түркияда ет жоқ, қазақтар ет көп жейді, сол үшін азаматтары батыр сияқты, ал біз қалай өсеміз?» деп қалжыңдап жазған екен. Бұл қалжыңы мені еріксіз езу тартқызды. Ұнату белгісін қойдым, ол да маған басып, солай танысып кеттік. Екеуміз 7 ай қашықтан сөйлестік. Еуропадағы оқуым аяқталған соң, Стамбулға магистратураға тапсыруға келгенмін. Таныстығымыз осында әрі қарай жалғасты», - деді ол.

Оның айтуынша, Исмаилдың ерекшелігі - шынайылығында.

«Қазір адамдар бір-бірімен танысқанда жақсы боп көрінуге тырысып, жасанды қылықтар істейді ғой. Көп жігіттер өзінің болмысын көрсетпей, жасанды әрекетке барады. Күйеуіме ғашық еткен мінезі деп 100 пайыз шынайылығын, «аузын ашса жүрегі көрінетін» қасиетін айтар едім. Сол қасиеттерімен мені баурап алды», - деді Айғаным.

Айғанымның тұрмысқа шығамын деген шешіміне отбасы қарсы болмаған.

«18 жасымнан бері шетелде оқып жүрген соң өзім шешім қабылдап үйренген соң ата-анам пікіріме көп араласпайды. Бірақ алғашқыда айтқанымда, «қай жақтың баласы», «отбасы қандай?» деген қобалжулар болды. Исмаилмен, кейін оның ата-анасымен танысқаннан соң екі жақ бір-бірін қатты ұнатты. Сөйтіп, уайымдап, қобалжығандары басылды. Ал ата-енем өте ерекше, алтын кісілер. Біз қыз-жігіт боп жүрген кезден бастап Исмаил суреттерімді үй ішіне көрсеткен екен. Сол кезде енем бірден ұнатқан. Танысуға мені бірнеше шақырса да, «үйленеміз» деген нақты шешім болмаған соң бармай жүрдім. Кейін шешімімізді нақтылаған соң барып, таныстым. Олар еш қарсы болмады. Қазір де әр ісімізге қолдау білдіріп отырады», - деді Айғаным.

Ол бастапқыда келіндік қызметті ойлап, уайымдаған. Бірақ келін болып түскен отбасы оны өз қызындай қабылдап, бауырына басқандықтан, тез үйреніскен.

«Алғаш келін боп түскен кезде байқағаным, Түркияда келінге аса бір көп міндет жүктелмейді. Бізде «келін» болу бөлек бір мамандық қой. Орамал тағып, «халат» киесің, көп міндет беріледі. Келін болу оңай емес. Ал мұнда керісінше, енем менің көңілімді табу үшін барлығын өзі істейді. Келінге байланысты салт-дәстүрлердің ешқайсысы жоқ. Үйдің адамдары қалай жүрсе, сенің де сондай өз рөлің бар. Көп нәрсе талап етпейді. Өзімді жаңа түскен келінмін деп сезініп көрмеппін. Дегенмен, алғаш түскенде уайымдағаным бар», - деді ол.

Қазір олар ата-енесінен бөлек тұрады.

«Біз ата-енемнен бөлек тұрамыз. Біріншіден, солай шешім қабылдадық. Екіншіден, ата-енем балалармен бірге тұруды жөн көрмейді. Жалпы Түркияда бала-келінмен бірге тұру деген өте сирек кездеседі. Көбінесе бөлек тұрады. Үшіншіден, қайынағам, қайынсіңлім және ата-енем бәрі бірге тұрады. Біз олармен тағы бір отбасы болып бірге тұра алмаймыз. Сол үшін бөлек шықтық. Бірақ апта соңында үнемі ата-енемнің үйіне барамыз. Біз барған сайын керемет дастархан жасап, түрлі тағамдар дайындап күтіп алады. Бастапқы уақытта «мен көмектесейін» дейтін едім. Сосын енем «біз барғанда өз үйіңде мен осылай күтсең болады, ал қазір мен сені күтемін» деді. Қазір мен барған сайын енем керемет дайындалып, күтіп алады», - деді түрік келіні.

Оның айтуынша, енесі жайдары, мінезі ашық, мейірімді жан.

«Енем - керемет жан. Оның жайдары, ашықтығы өзіне тән қасиеті. Енем адамнан бастап, жан-жануар, бүкіл тіршілік иесіне өте мейірімді. Шетелдік келін болған соң, «өз елінің тағамдарын сағынып жүр-ау» деп ойлап, ғаламтордан біздің тағамдарды дайындап отырады. Бауырсақ, бешбармақ, тұшпара бәрінің қалай дайындалатынын көріп, пісіріп қояды. Енем екеуміздің ауызбіршілігіміздің негізгі артықшылығы - ол маған қандай жылулық көрсетсе, дәл сондай мен де өз анамнан бөліп-жармай, жақсы көремін. Әрдайым бір-бірімізге сыйлық беріп отырамыз», - деді ол.

Айғанымның күйеуі қазақтың ұлттың тағамдарын жақсы көреді.

«Бөлек тұратындықтан, ата-енем үйдегі жағдайларға араласпайды. Біз көбінесе қазақ тағамдарын жақсы көреміз. Сол үшін соны көп дайындаймыз. Бір жағы мен түрік тағамдарын пісіре алмаймын. Қазақстаннан көп ет алдырып, асүйде қазақтың ұлттық тағамдарын жиі дайындаймыз. Күйеуім де етті жақсы көреді», - деді ол.

Айғаным саяхаттағанды жақсы көреді.

«18 жасымда оқуға түскеннен бастап бірнеше елді көрдім. Соның ішінде Италия ерекше есімде қалды. «Письмо к Джульетте» деген фильм бар. Сол фильмнің желісіндегі Верона қаласына барып келдім. Сондай-ақ, бұл қалада У. Шекспирдің «Ромео және Джульетта» фильмі түсірілген. Сол үшін де бұл жаққа арнайы барып келдім. Армандап, барғым келген саяхатымның бірі сол еді. Барлық жандарға махаббат қаласына баруды ұсынамын», - деді ол.

Оның айтуынша, жас жұбайлар Қазақстанға жиі келеді.

«Шынымды айтсам, төркінді сағынып үлгермей жатамын. Себебі біз Қазақстанға жиі келіп тұрамыз. Жолдасыма Қазақстан өте қатты ұнайды. Сол үшін де көбінесе Исмаилдың тарапынан «барайық» деген ұсыныс жиі айтылады. Жақында Қазақстанға қыдырып келдік. Исмаилды еліміздегі көп нәрсе таңғалдырды. Соның бірі - еліміздегі ауылдардың тазалығы, жол тәртібінің қатаң сақталуы. Себебі, Түркияда жолаушылар белгісі тұрса да, көліктер тоқтамайды. Сондай-ақ, таксидің қолжетімді және арзан болғаны таңғалдырды. Ал Түркияда такси өте қымбат. Сол үшін де түріктер қоғамдық көлікке жиі мінеді», - деді Айғаным.

Жас жұбайлардың Түркияда құсы бар. Бұл «түріктердің өмір сүру салты» деп түсіндірді.

«Біздің үйімізде Чакын деген құсымыз бар. Ол үйіміздің бір мүшесі, ең кенжеміз десек болады. Оны баптау қиын емес. Енем бастан-аяқ бәрін қарап, баптайды. Келін болып түспей тұрып, бұл құс үйде бар болатын. Чакын өте ақылды әрі ерекше құс. Тотықұсты үйде асырау деген түріктерде көп таралған. Барлық отбасыда кездеседі», - деді ол.

Айғаным түріктердің қонақты жиі шақырмайтын, тіпті ысырапшылдыққа жол бермейтінін де атап өтті.

«Түріктер қонақ күткенде қазақтар секілді қатты шашылмайды. Олардың алып қойған арнайы тәтті, дән, кофесі болады. Аяқ астынан қонақ келсе, соларды қояды. Біз секілді дастархан жайып, ыстық тамақ істеп күтпейді. Көп жағдайда ысырапқа жол бермейді. Үйлерінде не бар, соны ғана ұсынады. Қонақтарды жиі шақырмайды. Туысқандар арасында үйлеріне келуі мүмкін. Ол кезде де кофе, шай, жеміс-жидекпен күте салады. 1,5 жыл келін боп түскелі жиі қонақ келгенін көрмедім. Қонақ келгеннің өзінде дастарханы өте ықшамды болады», - деді түрік келіні.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 2