Белгілі журналист Кәмшат Тасболат Facebook-тегі жеке парақшасында отандық «Астана» арнасынан көрсетіліп жатқан үнді телехикаясын сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Медиа өкілі үнді киносын көрсетпеуді талап етіп, арна ұжымын қатаң сынады.
«Масқара! Astana арнасында бала құқығын бұзатын, педофилияны ашық көрсететін «Қорғаушы ханым» атты үнді сериалы боп жатыр?! Шыны керек, отандық арнаның мұншалықты қоқыс жәшігіне айналғанын білмеппіз. Ақпарат министрлігі, Бала құқығын қорғайтын ұйымдар, омбудсмен, Президент жанындағы әйелдер мәселесімен айналысатын комиссия, депутаттар назар аударатын дүние. Сериалға келсек, шамамен 9-10 жасар қыз (бойы ересектердің белінен келеді) төсекте неке түнін күтіп жатыр. Күйеуі 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды. Шыны керек, адамның жүйке жүйесіне, психикасына кері әсер ететін видео. Осыдан кейін елімізде педофилия қылмысы неге көбейді деп несіне таңғаламыз егер мемлекеттік арнадан мынандай азғындық ашықтан-ашық көрсетіліп жатса?! Адамның жүрегін айнытатын, аздыратын мына сериалды эфирден алып тастау керек! Бұрынғыдай әр сериалды сараптан өткізу керек. Салық төлеушілердің есебінен күнін көріп отырған арналар контент үшін жауап берсін», – деп ашуланды журналист.