27 қараша күні Орал қаласында Орал қаласы әкімдігінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Адалдық академиясы: жастар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана» атты студенттер форумы ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты – жастардың адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саналы иммунитетті нығайту және парасаттылық мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында заң мен тәртіп идеологиясын ерекше атап өтті. Президент әділ қоғамның негізгі тірегі – заңның үстемдігі, ашықтық және азаматтық жауапкершілік екенін атап көрсетіп, сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Осы ретте форумда көтерілген тақырыптар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Форум жұмысы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің құттықтау сөзімен басталды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда жастардың рөлін ерекше атап өтіп, форум қатысушыларына табыс тіледі.
«Адалдық – ұлт дамуының тірегі» атауымен өткен пленарлық сессияда үш тақырыптық баяндама тыңдалды:
• Даурен Хаиров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары — «Адалдық мәдениеті және рухани тәрбие»;
• Галымжан Ищанов, «Ищанов и партнеры» заңгерлік кеңсесінің төрағасы — «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам: жастардың рөлі»;
• Серікқалиев Тасболат, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің БҚО бойынша студенттер мәселелері жөніндегі уәкілі — «Жоғары оқу орнындағы академиялық адалдық қағидалары».
Спикерлер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, әділдік қағидаттарын сақтау және білім беру ұйымдарындағы адалдық стандарттарының маңыздылығына тоқталды. Сессия соңында сұрақ-жауап өткізіліп, қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша пікір алмасты.
Форумның практикалық бөлімінде төрт жоғары оқу орнының студенттері қатысқан Integrity Quiz интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Ойын барысында командалар адалдық, әділдік және заң талаптарын білуге бағытталған сұрақтарға жауап беріп, бірнеше раунд бойынша өзара жарысты.
Жеңімпаз командалар мен белсенді қатысушыларға арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды.