Ақтөбе мен Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін еліміздің барлық өңірлерінде қауіпсіздік шараларының күшейтілгені белгілі.
Дін мамандарынан құралған ақпараттық топтар аудан-қалаларды аралап, тұрғындармен жеке жұмыс істеуге де кірісіп кеткен. Ал, ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары Шымкент қаласындағы базарларды аралап, саудагерлер арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың базарларды таңдауы да бекер емес. Өйткені, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатын жандардың көбі осы сауда орталықтарын жағалап жүретіні белгілі.
Алғашқы кездесу «Тұлпар» базарында өтті. Оған аталған орталықтың теолог маманы Ж. Асхатұлы, тұрақты кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысты. Сала маманы «Экстремизм мен терроризм және олардан сақтану жолдары» тақырыбында сөз сөйледі. Сонымен қатар, ағымдағы жылда орын алған еліміздегі террористік акт туралы айтылып, олардан сақтандыру жолдары баса айтылды. Кездесу соңы біршама сұрақтарға ұласып, оларға тұшымды жауаптар берілді.
Дәл осындай кездесу қаладағы «Қазына» базарында да өтті. «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» мамандары саудагерлермен, қала тұрғындарымен тілдесіп, дәстүрлі емес ислам ағымдарының қаупі туралы сөз етті.
Бұған қоса кездесуде өсіп келе жатқан қазақ жастарының жарқын болашағы үшін отбасылық тәрбиені нығайтып сондай-ақ, отбасында діни сауаттылықты арттыруға баса назар аудару керектігі айтылды.
«Дархан» базарында өткен кездесуге де қызығушылық танытқан тұрғындар саны көп болды. «Діни экстремизм мен терроризм» тақырыбында жасалған баяндаманы ұйып тыңдаған келушілер орталық теологы Ж.Асхатұлын сұрақ астына алды және көкейдегі мәселелеріне жауап та тапқандай болды.