+7 (7172) 79 78 20

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
21.11.2016 в 09:10

Жас сахабалардың (р.а) өнегелі өмірі

Сахабалар. Сахаба деген сөздің жеке түрі صحابي — дос, жолдас деген мағыналарды білдіреді. Арабшадағы сахаба түбірінен туындаған көпше түрдегі есім сөз, жекеше түрі - сахаби Мұхаммед пайғамбардың серіктеріне берілген атақ. Сахаба (етістігі) серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді.Мейлі аз, мейлі көп болсын, сұхбаттасқан адамға осы есім беріледі.

Терминдік мағынасына келсек, сахабалар Мұхаммед пайғамбардың көрген, аз-көп уақыт оның сұхбатын тыңдап, Аллаға иман келтірген және дүниеден иманды өткен жандар.

Мухаддистер, солардың ішінде имам Ибн Хажәр (р.а.) «сахаба» сөзіне мынадай түсініктеме береді: «Пікірлердің басымы: «сахаба» деп Нәбимен (с.ғ.с.) жүздескен, мұсылман болған әрі мұсылман болып жан тапсырған адам айтылады. Бұл санатқа Нәбиді (с.ғ.с.) бір мәрте болса да көрген мүміндер жатады. Бұл мәселеде оның Нәбимен (с.ғ.с.) жүздесу мерзімі, оның Нәбиден (с.ғ.с.) риуаят еткені не болмаса риуаят етпегені, Нәбимен (с.ғ.с.) бірге соғысқа қатысқан-қатыспағаны, сұхбаттасқан-сұхбаттаспағаны есепке алынбайды».

Нәбидің (с.ғ.с.) зағип замандас мұсылмандары да сахаба болып есептеледі. Сахабалардың ерліктері, адалдықтары, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Алла тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сахабалар туралы баяндаған. Олар – ең қайырлы үмбет. Бұл жайлы «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында:“Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер”, –делінген.

Әһли сүннет ғалымдары сахабалардың дәрежесіне қарай оларды үшке бөлген:

1.Мухажирлер. Мекке қаласы алынбастан бұрын Меккеден немесе басқа жерлерден Отандарын, жақындарын тастап, Мәдина қаласына хижрет еткендер. Олар Расулуллаһтың қасына иманмен келген немесе келгеннен кейін иман келтірген.

2.Ансарлар. Мәдина қаласында немесе осы қалаға жақын жерлерде және Әус, Хазрәж деген екі араб тайпасының мұсылмандары ансар деп аталады. Өйткені, олар пайғамбарымызға және Меккелік мұсылмандарға әртүрлі көмек беретіндіктерін уәде еткен және уәделерін орындаған.

3.Басқа сахабалар. Мекке қаласы алынған кезде және кейіннен Меккеде немесе басқа жерлерде иман келтіргендер. Олар мухажир немесе ансар деп аталмайды, тек сахаба деп аталады.

Сахабалардың ең үстемдері – расулуллаһтың төрт халифасы. Олардың бір-бірлерінен үстемдіктері халифа болу кезегімен былай келеді. Хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман және хазреті Әли (радиаллаһу анһум).

Олардан кейінгі үстемдері Ашәрә-и мубашшәрадан, яғни жаннатпен сүйіншіленген он адамнан, қалған алтауы (Талха, Зубәйр бин Аууам,

Абдуррахман бин Ауф, Саад бин Әби Уаққас, Саид бин Зәйд, Әбу Убайда бин Жәррах (радиаллаһу анһум) және хазреті Хасан мен хазреті Хусейн.

Сахабалардың үстемдігі мен ізгілігіне қатысты келесі аяттарда былай делінеді:«Алғаш мұсылман болғандарға, мұхажирлер мен ансардың алдыңғы қатарлыларына және солардың жолындағыларға Аллаһу та’ала разы және олар да Аллаһу та’алаға разы. Аллаһу та’ала олар үшін жаннаттар дайындады. Бұл жаннаттардың астынан өзендер ағады. Олар жаннатта мәңгі қалады» («Тәубе» сүресі, 100).

Имран ибн Хусайнның (р.а.): «Алланың елшісі: «Үмбетімнің ең жақсылары – менің ғасырымда өмір сүргендер, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер», – деді», (Әл – Бұхари) – деп жеткізген хадисінен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әуелі сахабалардың дәуірінде, сосын олардан кейін келген табиғиндер мен әтбәғу ат-табиғиндердің кезеңдерінде өмір сүрген жандарды Ислам тарихындағы ең ізгі адамдардан санағанын түсінеміз.

Сахабалар туралы кейбір хадис шәрифтер: «Сахабаларымды жамандамаңдар. Сахабаларымнан кейін келгендердің бірі таудай үлкен алтын садақа берсе де сахабамның бірінің бір арпа беріп алған сауабына немесе оның жартысына да қол жеткізе алмайды.Сахабаларым көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына бағынсаңдар да тура жолды табасыңдар». Бұл аяти кәрималар мен хадис шәрифтер сахабалардың үстемдігі мен ізгілігін айқын көрсетуде.

Төрт халифа мен жаннатпен сүйіншіленгендерден кейін сахабалардың ең үстемдері алғаш мұсылман болған қырық адам.Олардан кейінгі үстемдері – Бәдір соғысына қатысқан 313 сахаба. Олардан кейін Ухуд соғысында болған 700 қаһарман. Олардан кейінгі үстемдері –хижреттің алтыншы жылы ағаш астында Расулуллаһқа «Өлу бар, қайту жоқ» деп сөз берген 1400 адам. Бұл келісім «Биат-и Ридуан» деп аталады.

Сахабалардың саны: Мекке алынғанда он мың, Тәбүк соғысында жетпіс мың, Уәда қажылығында тоқсан мың және Расулуллаһ қайтыс болған кезде жер бетінде жүз жиырма төрт мыңнан астам сахаба болған. Бұл мәселе бойынша басқа риуаяттар да бар.

Ғалымдардың сахабалар (р.а.) туралы пікіріне көз жүгіртсек:Абдулла ибн Омар (р.а.): «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабаларына тіл тигізуші болмаңдар! Өйткені, олардың бір сағаттық ісі сендердің өмір бойын істегендеріңнен абзал» десе, Башар ибн Әл-Харис (р.а.): «Менің ең сенімді ісім – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабаларын жақсы көру», - деген.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін төрт халифа дәуірінде десахабалар Ислам дінін тарату, жиһад жасау мәселесінде сөздерінде тұрды. Барлығы бірігіп, жерлерін, Отандарын тастап, Арабстаннан шығып, жан-жаққа тарады. Кеткендердің көпшілігі қайтып оралмай, барған жерлерінде өмірінің соңдарына дейін жиһад етті және Ислам дінін жайды. Осылайша, аз уақыттың ішінде көптеген мемлекеттер алынды. Алынған жерлерде Ислам тез тарады. Сахабалардың барлығы әділ еді. Исламды таратуда барлығы ортақ болған. Құран Кәрімді солар жинады. Хадис шәрифтерді пайғамбарымыздан солар жеткізді.

Сахабалар «Негізінен ап-ашық үкімдерді, әрі тура жолды Кітапта адамдарға баян еткенімізден кейін жасырғандар, соларға Алла лағынет етеді, әрі барлық лағынет етушілер лағынет айтады. Бірақ тәубе еткендер жағдайларын түзеткендер және шындықты баян еткендер басқа. Міне, солардың тәубесін қабыл етуші, аса мейірімдімін» («Бақара» сүресі, 159-160-аяттар), – деген аяттың мағынасы діннің екінші қайнар көзі болған сүннетті қамтитындығын түсініп, оны білмегендерге үйретуді өздеріне міндет санаған. Көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра: «Егер Құранда екі аят болмағанда, бірде-бір хадис риуаят етпес едім», – деп жоғарыдағы екі аятты оқыған болатын (Сахих әл-Бұхари, Білім кітабы, 118).

Сахабалар риуаят (хадис жеткізу) еткен хадистерінің санына қарай екі топқа бөлінеді:

а) мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар. Олар әл-Муксирун деп аталады. Олардың саны жетеу.

ә) бес жүз бен мың арасында хадис жеткізген сахабалар. Ондай сахабалардың саны төртеу. Олар әл-Муқиллун деп аталады.

Мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар мыналар:

  1. Әбу Һүрайра (р.а.) – 5374 хадис риуаят еткен. Әл-Бұхари мен Мүслімнің сахих жинақтарында екеуінің бір ауыздан Әбу-Һурайрадан риуаят еткен хадистерінің саны 325 болса, Әл-Бұхаридің өзі 93 хадис, Мүслім 189 хадис жеткізген. Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәд» жинағында Әбу Һүрайраның 3848 риуаяты қамтылған.
  2. Абдулла ибн Омар (р.а.) – 2630 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал оның 2019 хадисін жеткізген.
  3. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) – 2286 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал «Муснәд» жинағында Әнәстің (р.а.) 2178 хадисін қамтыған.
  4. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) – 2210 хадис жеткізген.
  5. Абдулла ибн Аббас (р.а.) – 1660 хадис риуаят еткен.
  6. Жәбир ибн Абдулла (р.а.) – 1540 хадис риуаят еткен.
  7. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) – 1170 хадис риуаят еткен. Имам Ахмад одан 958 хадис жеткізген (Әс-Суюти, Тәдрибу әр-рауи, 484-б; Талғат Кочжигит, хадис тарихы, 77-б.).

Мыңнан аз хадис риуаятеткенсахабалар:

  1. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) – 848 хадис;
  2. Абдулла ибн Амр (р.а.) – 700 хадис;
  3. Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) – 537 хадис;
  4. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) – 536 хадис риаятеткен.

Сонымен қатар, 31 сахабажүздіңүстінде хадис риуаятеткенболса, 14 сахаба үш жүзден астам хадис жеткізген.

Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына айтқан сөздерін жаттауды бұйырып, оның атынан жалған сөйлеуге қатаң тыйым салған. «Менің атымнан жалған сөйлемеңдер. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін», – дейді (Сахих әл-Бұхари, Білім кітабы, 107). Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.): «(Бірде) Алла елшісінің көзі тірісінде Һишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып жатқанын естіп, қырағатына құлақ түрдім. Ол Алла елшісі маған үйретпеген бірнеше қырағатта оқып жатыр екен. Сонда намазда

тұрғанда оның жағасынан алуға шақ қалдым, бірақ намазды аяқтауын күттім. Намаздан соң оның шапанын шеңгелдеп: «Мен оқып жатқаныңды естіген сүрені саған кім үйретті?», – дедім. Ол: «Мұны маған Алланың елшісі үйретті», – деді. Мен: «Өтірік айтасың, Алла елшісі маған оны сен оқығаннан басқаша үйретті», – дедім де, оны жетелеп отырып, Алла елшісіне апарып: «Мен мынаның «Фурқан» сүресін сен маған үйретпеген қырағатта оқығанын естідім», – деп шағымдандым. Алла елшісі: «Жібер оны! Оқы, ей Һишам!», – деді. Ол (пайғамбарға да) мен оқып жатқанын естіген қырағатта оқып берді. Алла елшісі: «(Бұл сүре) осылай түсірілген», – деді. Сонан соң (маған): «(Енді) сен оқы, ей Омар!», – деді. Мен оны өзі үйреткен қырағатта оқып бердім. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «(Бұл сүре) осылай түсірілген. Расында бұл Құран Кәрім жеті қырағатта түсірілді, одан өздеріңе оңай келгенін оқыңдар», – деп айтты», – деген (Сахих әл- Бұхари).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардың қайсысы да – шоқтығы биік тұлғалар. Олар көркем мінез иесі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қашан да қасынан табыла білді. Пайғамбар (с.ғ.с.) асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп, мұсылман қауымға таратуға мүдделі болды. Арып-ашып ілім іздеді. Дүниені қуып, дін шариғатынан алыстамады. Жиған ілімдеріне сай амалдар жасап, адам баласын екі дүние бақытына бастайтын ізгілік жолымен жүрді.

Сахабалар – Алла тағаланың шын сүйген құлдары. Осы ретте олар өздерін ұлық махаббатпен жаратқан Алла тағаланың әмірлерін бұлжытпай орындап, аманат атына кір келтірмеді әрі Пайғамбарымыз с.а.с. адал болды, шексіз берілді. Мұны дұшпандар да тән алады. Худайбия оқиғасында жау жағынан бір кісі Пайғамбарымыздың алдына өкіл болып келіп, қауымына қайтып барғанда: «Аллаға ант, ешкімді де, Мұхаммедті сахабалары құрмет еткеніндей құрмет еткенін көрмегем. Мұхаммед түкірсе, түкірігін сахабалары жерге түсірмей қағып алып жатыр», - деген еді.

Сөз түйіні, Имам әл-Тирмизидің кітабында риуаят етілген хадис шәріпте: «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктер мен дау-дамайға куә болады. Сендер менің сүннетімнен және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасқандай екі елі айрылмаңдар», — деп ескертіп айтқан екен. Олай болса, қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетін берік ұстану - дін Исламның талабы. Шариғаттың бұл екі қайнар көзінен қашықтау Исламнан, мұсылманшылық жолдан адасу. Алла адасушылықтан сақтасын!

Хамид Мырзагелдиев,

Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің найб имамы.


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 797820
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика