понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-4oC
Астана:
icon
-2oC
×

Ислам – бейбітшілік пен ғылымның діні

Ислам діні адамзат баласына түскен уақыттан бастап қаншама қарсылықты бастан кешкенін айтып тауысу мүмкін емес шығар. Асл дінімізді күйрету үшін қаншама іріткі салынды?! Қуғынға ұшыраған мұсылман ғалымдары қаншама десеңізші?! Соған қарамастан, Алланың ақ діні бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан заманға дейін аман келіп жетті.

Дегенмен, қаншама қиындықты бастан өткерген ислам діні дәл қазіргі өркениеттің дамыған заманында бұрынғыдан да зор қиындықты бастан өткеруде. Дінге іріткі салушылардың көптігі сонша, бір ғана ислам 77 тармаққа бөлініп кеткен. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап көріңіз ал!

Иә, біліммен, ғылыммен қаруланбаған адам бұл 77 тармақтың ішінен дұрысын өз еркімен таңдай алмайтыны белгілі. Сондықтан, қазіргі таңда ОҚО Дін істері басқармасының жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ облыстың барлық аудан-қалаларын, шалғайдағы ауылдарын аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дін мамандарының негізгі аудиториясы жастар. Өйткені, теріс діни ағымдардың көздегені де осы жас азаматтар екені белгілі.

Қазақстан бойынша құрылған діни ақпараттық насихат тобы да бүгінде республиканың облыстарын аралап, дәстүрлі исламның құндылықтарын насихаттап жүр. Топ құрамындағы теология ғылымының докторы Балғабек Мырзаев та әр сөзінде исламның тек жақсылықты насихаттауға негізделген дін екенін түсіндіріп келеді. Оның пікірінше, ислам – бейбітшілік пен ғылымның діні. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық конфессия өкілдерін Астанаға жинауы – Қазақстанның тек бейбітшілікті жақтайтын ел екенінің көрінісі дейді ол.

– Ислам діні зорбалықты, жамандықты әмір етпейді, керісінше жақсылықты насихаттауды әмір етеді. Құран Кәрімнің Нахыл сүресінің 125-ші аятында: “Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және ең жақсы насихат түрімен шақыр әрі олармен ең көркем мінез арқылы іліммен күрес.” – деп, бұйырылған. Сонымен қатар, Құранда: “Кім бір адамды жазықсыз өлтірсе бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең саналады. Ал кімде кім адамды өлімнен құтқарса бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғанмен тең саналады ”(Мәйда/32) - деп, айтылады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясындағы сөйлеген сөзінде «Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет. Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жылжуына қабілет танытатын интеллектуалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс. Орта ғасырларда ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болып табылды. Олар ғалымдар, әдебиетшілер мен кітап шығарушылардың ірі қауымдастығын өздерінде шоғырландыра білді. Мұсылмандар көрші елдердің қызығушылығы мен таңданысын туындатқан қуатты интеллектуалдық өркениетті құра алды. Қайта өрлеу заманының қарсаңында христиандық Еуропа шығыс киімдерін киді және мұсылмандардың философиялық шығармаларын оқуды дәстүрге айналдырды. Араб цифрлары мен есептеу жүйесінің пайда болуы математикада, алгебрада, геометрияда танымдық төңкеріске әкелді. Осының негізінде Еуропаның мұнан кейінгі гүлденуіне қызмет еткен оқытушылық жүйесі қалыптасып, сәулеткерлік пен сауда дамыды. Міне, осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене және бірлесе отырып біз ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғыртуға міндеттіміз. Мұсылман әлемінің интеллектуалдық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалғандығын зерттеп, түсінуіміз қажет. Ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады? Неліктен ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр? Соңғы жиырма жылда мұсылман елдерінде жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында әлемдік деңгейдегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде?» - деп, мұсылман әлеміне әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы идеялардың пісіп-жетілуі мен жаңалықтардың ашылуына ақша мен табиғи ресурстар емес, бірінші кезекте интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси ахуалдың қажет болатындығы туралы ой тастады.

Мұсылмандар осыған баса назар аударуы тиіс. Ислам негізінен мұсылмандардың бір-біріне және өзге діннің барлығына деген төзімділігі, байыптылығы және танымдылығы негізінде бірігуін жақтайды. Бұл ретте исламның бірінші кезекте жалпы адамзаттық құндылықтарды адамгершілік, төзімділік және әділеттілік қасиеттерді насихаттайтындығын атап көрсету керек.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0