Дін – кез-келген, мәдениеттің салт-дәстүрдің негізгі қозғаушы күші және сонымен қатар оның бір бөлшегі.
Дін – санамызды, жан дүниемізді, жан сарайымызды қалыпқа салатын құрал.
Дін – Алла тарапынан адамзат баласына екі дүниеде де бақытты болуы үшін пайғамбарлар арқылы жіберілген ережелер мен қағидалар жинағы.
Біз осылайша дін деген терминге көптеген анықтама беруімізге болады. Діннің адамзат тарихында алар орны ерекше. Дін адамзат қоғамының басты реттеуші құралы болуымен қатар, оның мәдениеті мен өмір салтының басты қайнары болып табылады. Сондықтан кез-келген халықтың рухани, мәдени болмысы дінмен тығыз байланысты және діннен тыс мәдениет болуы мүмкін емес. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің шешуші рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын басты фактор екендігін көрсетеді. Ал діннің таза сақталуы сенімге байланысты.
Сенім - біздің дәстүрлі дінімізде алатын орны ерекше ұғым. Өз ойымызбен сан жақа ой жүгіртер болсақ барлық іс-әрекеттеріміз белгілі бір сенім негізінде құрылған. Оған жай ғана мысал белгілі бір діннің өзі сенім негізінде құрылғаны анық. Сол секілді ислам дінінің негізгі тіреуші күші иманда, яғни бір Аллаға деген «сенімінде». Ал ислам діні пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) хадисінде келтірілгендей бес негізде құрылған. Олар: 1-иман(сенім), 2-намаз, 3-ораза, 4-зекет, 5-қажылық. Бұл бес парыз дәстүрлі ислам дінінің өзгермес қағидалары мен негізгі тірегі. Сол секелді біздің өміріміздің де бес негізгі тірегі бар. Олар: 1-дін, 2-жан, 3-ақыл, 4-ұрпақ, 5-мал-мүлік тазалығы. Біз осы бір нығметтерімізді таза ұстасақ өз адамдық қасиетімізді сақтап қалған боламыз.
Алла адам баласына берген нығметтерін аманат ретінде бергенін және сонымен қатар олардың Өзіне қайтарылатынын ескерте келе Құранның Ниса сүресінің 58-ші аятында былай дейді: «Алла Тағала сендерге аманаттарды тиісті иелеріне қайтаруды бұйырады». Ал бұны Абай Құнанбайұлы өз өлеңімен былайша өрнектейді:
Адам қапыл дүниенi дер менiкi,
Менiкi деп жүргеннiң бәрi Оныкi.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенiкi, - деп әрбір нәрсенің жаратушысы мен иесі Алла екенін айтып тұр.
Алла ол аманаттарға деген жауапкершілікті Құранның Ахзаб сүресінің 72-ші аятымен былайша түсіндіреді: «Расында, біз аманатты (яғни, адамзатқа тән бүкіл жауапкершілікті) жеті қат аспанға да, жерге де һәм тауларға да (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда олар оны алудан бас тартты, өйткені оны лайықты деңгейде алып жүре алмаудан қорықты. Сөйтіп, оны адам өз мойнына алды, өйткені ол – (өзіне) өте зиянкес әрі барып тұрған надан-тын».
1-дін сенімділігі. Әрбір мұсылманның сенімі бойынша тура әрі дұрыс дін бұл «ислам» діні. Ал ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.). Ислам дінінің өз ішінен алып қарайтын болсақ діннің таза ұсталынуы сенімге негізделгенін жоғарыда айтып өттік.
Шын мәнісінде біз Аллаға толық иман келтіріп, сенбейінше толық мұсылман болып есептелмейміз. Адамның сенімі мен іс-әрекеттері бір жерден шығуы тиіс. Ислам дінінің таза болуы мына негіздерге байланысты. Енді осы жайларды аз-кем тарқатып айтып өтсек:
1) Әрбір мұсылман тазалыққа мән беруі керек. Тазалық екіге бөлінеді:
а) Сыртқы тазалық: Сыртқы көрінісінің таза болуы. Бұл нәрсе барлық адамдар мән беретін негіздерден. Киетін, ішіп-жейтін және қолданатын бүкіл заттардың таза болуы деген сөз.
ә) Ішкі тазалық: Жүректің (көңілдің) жақсы мінездерге толы болуы деген сөз. Көре алмаушылық жасамау, басқалар туралы жаман ойламау, Алла достарын жақсы көру. Көңіл – Алланың назар мекені. Сондықтан көңілге дүние махаббатын, ал асқазанға харам азық кіргізбеу керек! Жүрек (көңіл) таза болмаса, ғибадаттардың ләззаты сезіле алмайды.
2) Тілге ие болу керек. Тілдің орынсыз сөздерді айтуынан тыйылып үндемеуі, Құран кәрім оқуы, діннің әмірлерін орындауды және тыйымдарынан сақтануы керек. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар да: «Адамдар тілдерінің кесірінен тозаққа тасталады» деген.
3) Намаз оқуы керек: Қиямет күні мұсылмандар әуелі намаз жөнінде есеп береді. Ғибадаттардың ішінде ең маңыздысы – намаз. Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбар өз хадисінде: «Намаз діннің тірегі», тағы бір хадисінде «намаз көзімнің нұр» дейді. Яғни, намаз мұсылман өмірінде маңызды орын алады. Намаз – адам баласының тән тазалығы мен жан тазалығы. Рух азығы мен ар қазығы. Адам баласы намаз арқылы Аллаға тағзым етіп, өзінің пендешілігіне тәубе етеді. Сол үшін де намаз мұсылманның миғражы саналады. Ал атамыз қазақ намазды пырақ етіп мініп, миғражға қарай самғап ұшқан. Намаздың бес уақыт болуы да, атамыз қазақты үлкен ойлылыққа жетелеген. Намаздың қабыл болуы үшін, шын ниетпен дұрыс оқылуы керек. Намазға деген жауапкершілік хақында, Бұқар жырау толғауларында:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа...
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа» - десе, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Алланың «бірлігін, барлығын», намаз оқып тұрғанда соған ғана ұйып тұруды дәріптейді:
«Аузыңда болсын дәйім Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
«Бір!» деп, «бар» деп илану – бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша - Өзі.
Екінші, намаз екен бізге парыз,
Айтпасақ білмегенге бізге қарыз.
Нәпсіні құрбан қылып бауыздасаң,
Құдайға жетеді екен сондағы арыз.
Бір Құдайдан басқаны ойламаңдар,
Ой түбіне жетем деп бойламаңдар.
Жалғыз қылда тұрғандай сол намазда,
Жан-жағыңа көз салып, ойнамаңдар...» - деп намаздың Алла тарапынан міндеттелген парыз екендігін түсіндіріп кеткен.
4) Ораза ұстау керек. Адам ораза ұстау арқылы періштелерге ұқсаған болады және нәпсіне соққы берген болады. Бір хадис құдсиде: «Ораза маған тән. Оразаның сауабын мен беремін. Сауабы шексіз» делінген. Басқа бір хадис шәрифте: «Ораза – тозаққа қарсы қалқан» делінген. Ораза тұтып көңілді пәктікке жеткізу керек және шайтанның жолын жауып, қалқан қою керек.
5) Алланы өте көп ойлау (еске алу) керек. Алланы еске алу үшін айтылатын ең құнды сөз – Лә илаһә иллаллаһ сөзі. Мұны әрдайым айтып жүретін адам ықыласты болады. Ықылас – барлық істерін Алла разылығы үшін орындау, дүниелікке қатысты болған мал-мүлік және мансаптардан әуестігін жойып, ахиретті қалау деген сөз. Ықыласты адам «Менің жалғыз мақсатым – Алланың разылығы» дейді. Құран кәрімде Ахзаб сүресінің 41-ші аятында да: «Ей иман келтіргендер! Аллаһты көп еске түсіріңдер!» делінген. Нәпсінің барлық зиянды болған қалауларынан құтылу үшін үздіксіз Алланы ойлап жүру керек.
6) Көңілге келетін ойлардан абай болу керек. Көңілге төрт түрлі ой келеді. Бұлар – Рахманнан, періштелерден, шайтаннан және нәпістен. Рахманнан келетіндер – ғафлеттен оятады, жаман жолдан дұрыс жолға түсіреді. Періштеден келетіндер – ғибадатқа ынтаны ашады. Шайтаннан келетін ой күнәны жақсы, әдемі қылып көрсетеді. Ал нәпістен келетіндер, дүниенің пайдасыз нәрселерін қалауға жол ашады. Шайтани және нәпсәни ойлардан құтылу керек.
7) Алланың үкімдеріне разылық көрсету керек. Хауф және рижа, яғни қорқыныш пен үміт арасында өмір сүру керек. Өйткені имансыз өлетінінен қорқатын адам күнә істемейді. Сонымен қатар мүмин жәннатты үміт етеді, салих адамдармен сұхбаттасады. Салихтармен сұхбат ету – күнәларға перде қояды, харамдарды көзіне жаман қылып көрсетеді.
2-жан сенімділігі. Ислам діні адам баласының жан тазалығына өте үлкен мән береді. Адамның сыртқы тазалығына ғана емес, жан дүниеміздің де тазалығы өте маңызды. Сол үшін жан тазалығымызға, адамдық қасиетімізге зияны тиетін әрбір іс-әрекетімізге ислам діні шектеу қояды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда ислам фиқһ кітаптарындағы бекітілген харам мен макрух нәрселерден аулақ болуға шақырады. Сонымен қатар адамның ақыл ойын азғыратын ойлар мен денсаулығына зиянды нәрселерге әуестенбеу. Алла бұл өмірде адам баласына екі нәрсені аманат еткен, олар уақыт пен денсаулық. Ал адам баласына аманатқа берілген өз денсаулығына қианат пен зиянды іс-әрекеттер жасау күнә болып есептеледі. Тек өзінің ғана емес әрбір мұсылман адам өзінің айналасын қоршаған қоғам мен табиғатқа да зиянын тигізбеуі керек.
Жан тазалығын Шәкәрім Құдайбердіұлы ар тазалығы, яғни иманның, көңілдің тазалығы деп түсіндіреді. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының ұстазы болып саналатын Абай Құнанбайұлы жан туралы былай деп өз өлеңімен өрнектеген:
«Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы,
Нәпсі неге білмеген бұрын мұны.
Ойлашы жан тапты ма, тән тапты ма?
Жоғарғы кереметті неше қилы?
Тән – терезе, қарайтын жан – иесі,
Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны.
«Жолдан шыққан жан жолда жоғалар» – деп,
Сандырақтап айтқанмен, жоқ дәлелі,
Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдында жоқ қой құны».
Бұдан шығатын қорытынды, Абай мен Шәкәрім бабаларымыз адамның ар тазалығы мен жанының тазалығын бөліп жармаған. Яғни бірінің бірінсіз болмайынша адамның адамдық қасиеті – имандылығы мен ар тазалығы толық болмайтынын түсіндіріп кеткен.
3-ақыл сенімділігі. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша мақлұқаттың қожасы екенін, бірақ сол үшін де осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін, сонымен бірге, адамның өзі сол әлемнің бір зәредей ғана бөлшегі екендігін сездіретін құрал бұл – ақыл. Ақыл – адамзат баласына Алла тарапынан берілген шексіз бағалы нығметтердің бірі.
Әрбір адам өзінің іс-әрекетін саналы түрде ойлап, ақыл таразысына салып жасайтыны анық. Сол секілді ислам дінімізде Аллаға сенуге де, яғни иман келтіру мәселесінде ақылға орын берілген. Бұл тұрғыдан сенімдік матуридия мазхабының негізін қалаған Имам Матуриди былай дейді: «мен Алланы таңып білуім үшін ешқандай Алла тарапынан кітаптың жіберілунің де, пайғамбардың да қажеті жоқ, мен айналаға қарап ой жүгіртіп ақылыммен Алланың бар және бір екендігіне иман келтіре аламын». Сол секілді Шәкәрім Құдайбердіұлы да өз өлеңінде былай дейді:
Шала дінді пән де таппас,
Дін тазасын ой табар.
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап... дей келе және тағы да:
Тән – терезе, ой қожасы,
Оймен анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы –
Таза ақылман ойлану, – деп айтып ақылдың орны ерекше екенін айтып өткен.
Ал Абай Құнанбайұлы адам баласының бойындағы қасиеттерді былайша сипаттайды: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Ал өз өлеңінде:
Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады, арамның қарасын.
Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын, – деп жырласа екінші бір өлеңінде:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса? – деп ақылдың адамның адамдық қасиетін аықтайтын құрал екенін анық айтып кеткен.
4-ұрпақ сенімділігі. Ислам дінінде ұрпақтың орны ерекше. Құранда Кәһф сүресінің 46-шы аятында: «Мал-мүлік пен ұрпақ (бала-шаға) – дүние тіршілігігің сәні» - деп адам өмірінде ұрпақтың орны ерекше екеніне көңіл бөлген. Сонымен қатар Мұхаммед (с.а.с.) пайамбар: «Көбейіңдер үмбеттерім, мен ақыретте үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» - деген.
Құран кәрім Зәкәрияның (а.с.) шын жүрегімен Аллаға жалынып-жалбарынғанын «Әл-Имран» сүресінде быоай деп жеткізеді:
«Ол жерде Зәкәрия дұға жасады. Раббым, маған пәк ұрпақ нәсіп ете гөр! Күмәнсіз, сен дұғаны қабыл етушісің! – деді».
Байқасаңыздар, Зәкәрия (а.с.) «ұрпақ» қана демеді, «пәк ұрпақ» деді. Бұл Алланы сүйіндіретін, пайғамбарды қуантып, әкесінің көңілін марқайтатын, ұлттың тірегіне айналатын «таза ұрпақ нәсіп ете гөр!» деген сөз.
Ұрпақ – адам баласының өмірінің мәні мен мағынасы, өмірінің жалғасы.
5-мал-мүлік сенімділігі. Құран Кәрімнің Қасас сүресінің 77-ші аятында былай дейді: «Алланың саған бергенінен (дін жолында жұмсап) ақыреттік мекеніңді қала, бірақ дүниедегі үлесіңді ұмытпа». Мал-мүлік адам өмір сүруін жалғастыруы үшін ең керекті құрал. Сонымен қатар, мал-мүліктің таза әрі адал болуына да ислам діні көп көңіл бөледі. Харам жолдармен табылған дүние-мүлікке шектеу қояды. Мысалы: құмар ойыны, пара алу, күштеп тартып алу, біреудің дүние-мүлкін ұрлап алу, сондай-ақ пайызға (өсімқорлық) ақша беру, ақша алу т.с.с. Бұл жайында Алла Бақара сүресі 168-ші аятында, «Халал және таза болғандарын жеңдер» деп бұйырған. Ал Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар: «Ғибадат он бөліктен тұрады. Соның тоғызы – халалды талап ету» деген. Ал қалған бірі – бүкіл ғибадаттар. Харам жеген адам өзінде ғибадат ету күшін таба алмайды. Халал жеген адам да күнә істей алмайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өз хадисінде былай дейді: «Ақылды адам, дұға мен ғибадат үшін, нәпсін реттеу үшін, кемшіліктерінің өзіне айтылуы үшін және қажеттіліктері үшін уақыт бөледі. Тіліне ие болып, уақытын жақсы пайдаланады. Жұмысын істейді және ең жақсы досының алдында мұқият (ұқыпты) болады». Яғни Алла әрбір адамға адал еңбекті бұйырып тұр. Ал Абай Құнанбайұлы бұл мәселені өз өлеңінде былайша сипаттайды.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бiр күнi сынар шөлмек.
Қорыта келгенде Алланың аманатқа берген ақылы мен діні, ұрпақтары мен мал-мүліктері шын мәнісіне келгенде адамның жан дүниесінің таза болуына, иманының таза әрі сенімді ұсталуына қызмет етеді. Ал бұл өз кезегінде әрбір иманды ұрпақтың өз отанына деген адал қызмет етуіне алып келеді.
М. Халықов,
Дінтанушы, ОҚО