Қазақстанда еліміздің оңтүстік өңіріндегі халықты солтүстік аймаққа қоныстандыру бойынша бөлінетін квота санын арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Үкіметтің бүгін өткен кезекті отырысында белгілі болды.
«Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар Президент шағын несиелеуді енгізумен тұрақты жұмыс орындарын құру қажеттігіне және еңбек ресурстарының өңіраралық теңгерімсіздігі мәселесіне тоқталды. Осыған байланысты бір ай мерзімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесе өңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуға квоталарды арттыру мен ынталандыру бойынша Үкіметке ұсыныстарды енгізуді тапсырамын. Осы орайда қажетті есеп-қисапты даярлау керек», - деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысын қорытындылау барысында. Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында ірі агрохолдингтерді қаржылық сауықтыру мен өсімдік шарауашылығындағы сақтандыру мәселесіне екпін қойғанын жеткізді.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен, «Атамекен» ҰКП-мен және облыс әкімдерімен бірлесе бір айдың ішінде қаржылық сауықтыруға егжей-тегжейлі талдау жасап, тиісті ұсыныстарды Үкіметке енгізу жүктелді.