Телефонмен сөйлесіп, əлеуметтік желінің қызығына кіріп кеткен автобус жүргізушісі жұмыссыз қалды, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қалалық əкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сəйкес, бұл жүргізуші Green Bus компаниясының қызметкері. Ол автобус тізгіндей отырып жол жүру ережесін өрескел бұзған. Яғни, рөлде отырып телефонмен сөйлескен, онымен қоймай Whats Ap желісі арқылы əлдекіммен хабарлама алмасқан. Өз жұмысына немқұрайлы қараған ол жазаланды.
Естеріңізге салсақ, жуырда ғана əлеуметтік желіде бұл жүргізушінің өрескел əрекетінің видеосы пайда болды. Оның авторы əкімдіктің желідегі парақшасына осындай хабарлама қалдырып, видеоны жолдаған.
"Автобус жүргізушісі жұмыстан кетті. Енді оның желілерде белсенді əңгімелесіп, клиптер қарап, телефонмен жиі сөйлесуіне бос уақыты жетіп артылады. Ал компания басшылығы барлық жүргізушілеріне өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтындарға жол жоқ екенін ескертті" делінген қалалық баспасөз қызметі таратқан мəліметте.