суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-6oC
×

Елімізге журналистика факультеттері қажет пе?

Дәл осындай сауалмен күні кеше «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Арман Шораев мәселе көтеріп, өз ұсынысын айтты. Яғни, КТК телеарнасының бұрынғы басшысы жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультеттерін жауып тастау керек деп есептейді. Айтуынша, елімізде кәсіби білікті журналист мамандар жоқтың қасы. ҚазҰУ сынды қарашаңырақ университеттің өзін еш талабы, не дарыны жоқ журналист мамандар бітіріп жатыр дейді ол.

Шораевтың осы мәлімдемесінен кейін қоғамдық пікір екіге жарылды. Бірінші жақ журналистика факультеттерін қалдыруды, бірақ жүйеге реформа жасау керек дегенді айтса, өзгелері «журфактың» қажеттілігі расымен де шамалы деген пікірде. Осы орайда біз танымал журналистерді әңгімеге тартып, пікірлерін сұрап көрген едік. Алдымен Арман Шораевтың пікірін оқып көрсек.

Арман Шораев, «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы:

― Біздегі журналистика саласы депрессияда. Ешқандай білікті кадр жоқ. Америка Құрама Штаттарында журналистика деген факультет жоқ. Ондай түсінік те жоқ. Нью-Йорктегі колумбиялық журналистика мектебі бар, онда журналистика магистратурасын оқытады.

Мәселен, мен журналист емесін. Мектептен кейін әскери оқу орнына түскенмін, бала кезімде ұшқыш болуды армандайтынмын. Кейін филология факультетін сырттай оқып алдым. Менің пікірімше, ҚазҰУ-ден басқа оқу орындарында журналистика факультеттерін жабу керек. Олардың түкке қажеті жоқ. Олар өңшең дарынсыз мамандарды даярлап шығарып жатыр. КСРО кезінде журналистика факультеті тек ҚазҰУ-де ғана болатын. Сол кезде мықты мамандар даярланды. Ал, қазір ондай мамандарды саусақпен санауға болады.

Мен сеніммен айта аламын, батыс елдеріндегі журналистердің барлығына жуығы белгілі бір ғылымды меңгерген. Мәселен, ол заңгер болуы мүмкін. Журналистикада жүріп заңға қатысты тақырыптарда керемет мақалалар жазады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі лицензияны оңды-солды шашып жатыр. Ол жерде сыбайлас жемқорлық та жоқ емес. Мәселен, Қостанайда журналистиканы оқытатын 15-20 профессорды қайдан табамыз? Тағы да айтамын, журналистиканы тек тәжірибе жүзінде үйренуге болады.

Танымал журналист Қанат Тілеухан да Шораевтың жоғарыда айтқан пікірлерімен қосылады. Ол қазіргі Қазақстандағы журналистиканың аянышты күйге түскендігін айтып отыр.

Қанат Тілеухан, журналист:

― Арман Шораевтың пікіріменен белгілі дәрежеде келісемін. Өйткені, қазір журналистика мамандық ретінде жойылып бара жатыр. Қоғамның дамуына үлес қосатын азаматтық институттың функциясын атқара алмай отыр. Бұған цензура да себеп. Содан кейін журналистика факультетінде дәріс оқитын ұстаздардың барлығы кәсіби мамандар деп ойламаймын. Олардың ішінде өмірі мақала жазып көрмеген, телеөнім жасамаған оқытушылар дәріс беріп жатыр. Осыған қарап кейде, журналистика факультетіне түскендерді аяймын.

Өз тәжірибемде жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың мәтін жазудағы икемсіздігіне талай куә болғанмын.

Басқасын айтпағанда, қазір журналситиканы кәсіп деп сыйлайтындар, оған адалдық танытатындар азайып бара жатқандай көрінеді. Көз алдымызда қаншама әріптесіміз баспасөз хатшыға айналып кетті. Журналситиканы карьера жасаудың құралына айналдырып алғанымызды мойындауымыз керек.

Соңғы президенттік сайлауда «Таң» телеарнасының жаңалықтар қызметінде жұмыс істедім. Біз сол аса маңызды саяси науқанға журналсит ретінде қатысқанымыз жоқ. Жоғарыдан кандидаттардың үгіт насихат жұмыстарының барлық видеосын мемлекеттік каналдардың бірінен берілетіні айтылды. Өзіміз тіпті, мәтінде жазғанымыз жоқ. Барлығын дайындап берді. Осыдан кейін менде де журналситтерді даярлау орындары керек пе деген сұрақ туындаған еді.

Еліміз егемендік алған жылдан бері қазақ теле-журналистикасының басы-қасында жүрген тәжірибелі журналист Арман Сқабылұлы ағамыз мүлдем кері пікірде. Оның айтуынша, журналистика факультетін жабу керек деп байбалам салып жүргендердің түпкі мақсаты басқа.

Арман Сқабылұлы, журналист:

― Кешегі Арман Шораевтың айтқаны және оны «МедиаАльянстың» қолдағаны өте сорақылық. Осы ұйымның құрылуы маған күмән туғызған. Құрамындағығылардың басым көпшілігі орыстілді медиамагнаттар. Содан кейін Ерлан Бекхожин, Арман Шораев, Арманжан Байтасов болсын, барлығы жұмсақ креслосы бар, биліктің айтқанынан шықпайтындар. Бұл жәй ғана айтыла салған мәлімдеме емес, бұның астарында қазақтілді журналистиканы тұқырту жатыр. «Журфак» – тек журналистерді дайындайтын орын емес, ол жерден ақын, жазушы, бір сөзбен айтқанда қазақ зиялылары түлеп шығады. Мәселе, біраз студенттер маған хабарласып, «Аға, телеарнада жұмыс істейтін таныстарыңыз бар ма? Тәжірибеден өткім келеді?» деп хабарласып жатады. Неге? Оларды телеарналар тәжірибеден өткізбек түгілі, есігінен сығалатпайды. Одан да осындай мәселелерді шешсе, кәсіби кадрларды әлдеқашан көбейткен болар едік.

Айнұр Тұңғышбаева, журналист:

― Журналистика факультеттерін жабамыз дегенше әлемдік тәжірибелерді пайдаланып, салалық журналистиканы дамытсақ әлдеқайда дұрыс болатын еді.

Мәселе маманның қай оқу орнын бітіргенде емес, жеке қабілетінде жатыр. Көріп жүрміз, тіпті қызыл дипломмен келіп жатқан сауатсыз жас кадрлар бар. Бірақ, мұндай жағдай тек журналистикада ғана емес, өзге де салаларда көптеп кездеседі.

Ал, журналистиканы жабу дегенге келер болсақ, бұлай мәселені шеше алмаймыз. Қазір бізде экономикалық сараптама жасайтын қазақтілді журналисттер жоқ. Сондықтан салалық журналистиканы дамытуымыз керек.

Асхат Садырбай, журналист:

― Егер оқу орнын бітірген жастар білімсіз болып шығып жатса, онда ректор, декандарды ауыстырсын. Кәсіби журналистика туралы айтар болсақ, «журфакты» бітірмей, журналист болу дегенге келіспеймін. Мақаланы талдау, зерттеу, ақпаратты өңдеу деген бар. Журналист кәсіби болмаса мұндай талдауларды жасай алмайды.

Жалпы, журналистика – көлденең көкатты келіп, қолын сұғып, білгенін істеп кететін сала емес. Жабатын болсақ тек журналистика факультетін емес, өзге де пайдасыз факультеттерді жабайық. Тіпті, факультет қана емес, өнер академиясын да жаба салайық. Қазір дипломы бар актерлерден гөрі дипломы жоқ актерлер сұраныста, әрі танымал. Айлығы шайлыққа жетпейтін драма театрға жұмысқа кіру үшін 4 жыл оқып не керек? Тамада, музыкант болу үшін де диплом керек емес...

Еске салайық, осыдан бірнеше жыл бұрын да қоғамда журналистика факультеттерін жабу керек деген мәселе көтерілген болатын. Ол кезде ҚазҰУ студенттері жаппай қарсылық білдіріп, факультеттерін «аман» алып қалған болатын.

                                                                                                                                                                                    Cағыныш Назар

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0