среда, 27 ноября 2024 г.
icon
498.55
icon
524.28
icon
4.75
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
-1oC
×

Павлодар облысында Ораза қарсаңында жаңа мешіт ашылды

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Шарбақты ауданының Галкин ауылында 60 орынға арналған жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды NewTimes.kz» тілшісі.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлының айтуынша, рухани орталықты ауыл тұрғыны, кәсіпкер Мәдениет Қалтаев өз қаражытына салып берген. Ғимаратқа сол елдің азаматы әрі молдасы Қалтай атаның есімі берілген. Бұл - осы ауданда ашылған сегізінші мешіт. Мекеменің жеке екі қоймасы мен дәретханасы бар. Дәрет алатын бөлмесі салқын және жылы сумен қамтамасыз етілген. Ауланың бір шетінде жаназа шығаратын орын салынып, үсті шатырмен жабылған және тұтас темір қоршау орнатылған. Ауласында жас ағаш шыбықтары отырғызылған.

«Мешіт – елдің рухани байлығы. Онда жастарымыз діни іліммен қатар имандылық пен инабаттылықты, ізгілік пен игілікті бойларына сіңіреді. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Алланың разылығын қалап мешіт тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» деген. Демеушілік жасаған азаматқа зор денсаулық, отбасына  амандық, кәсібіне береке тіледі», — дейді Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Исенов.

Бұдан басқа, жуырда қалалық «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің жанынан белгілі кәсіпкер Қазыбек Кәкеновтің демеушілігімен болашақ қарилар орталығы ашылды. Құран жаттау орталығында 20 шәкіртке арналған төсек орын жабдықтарымен қамтылған бес бөлме, дәріс бөлмелері және 200-ден астам орынға арналған діни рәсімдер өткізетін үлкен асхана бар.

Айта кетерлігі, жылдағы дәстүр бойынша күн сайын тарауық намазынан кейін жамағатты үйлеріне дейін жеткізу үшін үш бағытта бір үлкен автобус пен екі шағын автобус шығып отырады. Алайда қаражат мәселесіне байланысты жолақысы тегін болмайды. Сонымен қатар, ораза кезінде «30 игі шара» ұйымдастырылып, бір ай бойы мұқтаж жандарға көмек көрсетілетін болады.

Еске сала кетейік, Тәуелсіздік алған жылдары Павлодар облысында  төрт мешіт қана болса, қазіргі таңда олардың саны 100-ге жуық. Облыста тіркелген діни бірлестіктер саны -152. Оның ішінде діни ұйым мәртебесі бар 49 бірлестік пен 103 филиал жұмыс істейді. Өңірде қызмет ететін діни ұйымдар мен филиалдар 13 түрлі діни конфессияға жатады. Сондай-ақ, облыста Польша, Украина, АҚШ, Ресей Федерациясы, Мысыр, Австралиядан келген 27 миссионер тіркеліп, қызмет етуде.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0