Павлодарлық жастар Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай «Әлихан жолы» жобасы аясында Қазақстан бойынша сапарға шықты, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
«Біз бабамыздың құрметіне арнап, 8-15 маусым аралығында Әлихан атамыз жүріп өткен жерлерде болып қайтпақпыз. Алғашқы пункт - Семей қаласы болмақ. Себебі, Әлихан Бөкейханов «Алаш» партиясын осы қалада құрған. Қазір еліміздің шығыс өңірінен шығып, оңтүстікке жол тартып барамыз. Амандық болса, 13-маусым күні қазақтың тұңғыш премьер-министрінің туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай елді мекеніне келуді жоспарлап отырмыз. Павлодарға 15 маусым күні ораламыз», — деді жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Ғабит Хафиз Ғабит Хафиз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін сапар жайлы қысқаметражды фильм түсіріледі. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхановтың атындағы музейлер мен саябақтарда жастармен кездесулер ұйымдастырылып, «Ертіс-Баянауыл» аймағының атынан концерт өткізіледі. Сапарға шыққан 25 адамның барлығы өнерге жақын жандар. Олардың ішінде айтыскер ақындар мен әншілер, жас тарихшылар, этногрофтар бар.
Айта кетерлігі, Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы.
Еске сала кетейік, жыл сайын Баянауылдың Жасыбай демалыс аймағында Қазақстан Республикасының және таяу шет елдерден келген жастар үшін «Жас көшбасшылар мектебін» өткізуді дәстүрге айналдырған Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы 2012 жылы құрылған. Мұнда аймақтық жастар саясаты қызметі бойынша түрлі қызмет көрсетіледі. Орталық қызметінің бірінші бағыты - қоғамның белсенді мүшелерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Өткен жылы Павлодар облысында жастар саясатын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 11 млн 923 мың теңге бөлінген.