«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Павлодар облысында 97 пайыздан астам ауыл ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық табиғат пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Қадылжан Сәтиев мәлім етті.
«Соңғы бес жылдың ішінде 38,5 мың ауыл тұрғынына ауыз су жеткізілген. Қазіргі таңда өңірде 396 ауылдың 160-ы немесе 41 пайызы орталық су құбырын немесе кешенді блок модульдің тазартылған суын пайдаланады. 2020 жылға қарай 226 ауыл орталық су жүйесіне қосылады. Бұл мақсатта басқармада өңірлік жоспар бойынша алдымен іздеу-барлау жұмыстары жүргізілгеннен кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жаңа құрылыс нысандары салынады. Жер асты суларын зерттеу және бағалау екі жыл жүргізіледі. Оның бір жылы ұңғымаларды қазуға, екіншісі мониторинг жасауға кетеді. Қазіргі таңда мұндай қорлар облыстың 110 ауылында бекітілген. Биылғы жылдың желтоқсан айында 45, келесі жылдың төртінші тоқсанында 20 ауылдық аймақтың су қоры бекітіледі», — деді Қадылжан Сәтиев.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Лебяжі ауданының Тақыр ауылы тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ететін ұңғымада зерттеу жұмыстары басталған. Тақыр - барлау жұмыстары бойынша қолға алынған жаңа жобаға кіретін 20 ауылдық елді мекеннің бірі. Сондай-ақ Лебяжі, Ақтоғай аудандарының бес ауылы, Екібастұз ауылдық аймағының жеті ауылы мен Ақсу ауылдық аймағының үш ауылы қамтылады. Ұңғыманы қазу және зерттеу ұзақ уақыт жүргізілетіндіктен, жұмысты 2017 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан әрі жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, сумен қамтамасыз ететін жаңа нысанның құрылысын бастауға болады.
«Тақыр ауылында екі су сорғы горизонты бар. Оның бірі - тереңдігі 50 метр неогенді, екіншісі - тереңдігі 200 метрге дейінгі палеогенді. Сынама су айдаудан кейін гидрогеологтар су қорын 25 жылға жетеді деген болжамға келіп отыр. Мәселен, Тақырдағы ұңғыма секундына 12 литр су береді. Ал, ауылдағы суға деген қажеттілік секундына төрт литрді құрайды. Осылайша, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, жер астынан келетін судың орны да жылдам толып отырады», — деді «Павлодар гидрогеология» ЖШС-нің директоры Юрий Попов.
Естеріңізге сала кетсек, «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазірде облыс ауылдарының 41%-ы орталық су құбырымен жабдықталған.