суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
-0oC
Астана:
icon
-5oC
×

Салафилердi «қалыпты» және радикалды деп бөлу – аса қауiптi

Салафилерді қауіпті және қауіпсіз деп бөлуге болмайды, олардың бәрі қоғам үшін қауіпті! «Нұрлы білім» теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Рүстем Сыздықов осылай дейді, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».

Маманның пікірінше, қазақ халқының адаспауына тек дәстүрлі ислам ғана көмектесе алады.

Қазақстандық мұсылмандар үшiн дәстүрлi ислам – осы елдiң байырғы халқы ықылым замандарда қабылдаған, оның ұлттық салт-санасымен, мәдениетiмен, дүниеге көзқарасымен етене қабысып кеткен, өз iшi түгiлi, өзге ұлт өкiлдерiмен де бейбiт, өзара тату өмiр сүрудi дәрiптейтiн, Отанға адал, қандай да бiр саяси мақсатқа ұмтылмайтын байсалды дiн.

Исламистiк радикализм – бұрмаланған дiни iлiммен бүркенiп, сонымен ғана ақталған болатын ұшқары дiни көзқарастар мен қарама-қайшы әрекеттердiң жиынтығы. Қазiргi мемлекеттiк құрылымды өзгертуге ұмтылып, сол мақсатқа қарапайым мұсылмандардың дiни наным-сенiмiн опасыздықпен пайдаланатын, өздерiн «кәпiрлермен» күрескермiз деп танитын радикалдар – исламистiк радикализм.

Айта кету керек, сананы радикалдау екi кезеңде жүргiзiледi. Бiрiншiсi – маргиналдау кезеңi – өз iзбасарларын идеология тұрғысынан дiни-мәдени мәңгүртке айналдыру, құндылықтар жайлы түсiнiгiн өзгерту, оларды салафия-уаххабия ағымының экстремистiк сарындағы радикал ғалымдарына (Ибн Таймийа, Ибн Каййим, Әлбани, Солих Фаузан, Усеймин және т.б.) табындыру. Онда да Парсы шығанағы елдерiнiң (Сауд Арабиясы, Египет және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етушi ғалымдарды қолдан әспеттеп, қазақстандық жастардың дiни санасына сiңiредi. Бұл көшбасшылар терiс ағым өкiлдерiн мәңгүрттендiрiп, кейiн радикалға айналдырады. Бұған қоса, осы мәңгүрттендiру кезеңi жиһад пен радикализмнiң негiзгi алғышарты саналады. 2000-2010 жылдары «ұстамды» уағыз айтушылардың тәрбиесiн көрген қазақстандық жастар естерiңiзде ме? Мiне, тап солар зорлық-зомбылық пен небiр сұмдық тәуекелге бейiм болып шықты.

Уаххабит-салафиттердiң әдетте бейбiт көрiнуi – маргиналдандыру мен радикалдандырудың бастапқы кезеңi ғана. Бұл кезде олар өздерiне сенген пақырлардың санасын улаумен, ақида, Алланың сипаты, таухид, иман жайлы түсiнiктерiн бұрмалаумен болады. Радикалдандыру бойынша әлемдiк деңгейдегi дiни сарапшылардың (Шираз Майер, Нибрас Казими, Ваел Иссам, Рәния Әбу Зейд, Хасан Хасан, Эмма Скай, Джоэл Лейберн, Даг Стоун және т.б.) пайымынша, бүгiнгi «ұстамды» салафиттер ертең нағыз сойқан радикалдарға айналады. Шынында да, бұл пайым дүниенiң қай бұрышында болсын шындыққа айналып отыр: кеше ғана қойдан жуас қоңыр тiршiлiк кешiп жүргендей көрiнген салафит бүгiн қарасаң террор мен зорлық-зомбылыққа құмар радикал болып шыға келедi.

ҚМДБ өкiлдерi елден шығып кеткен салафиттердiң ата-аналарымен сөйлескенде анықталғандай, олардың ешқайсысы да шектен шыққан радикал болмаған. Керiсiнше, сондай байсалды, «бейбiт» салафит-уаххабиттер» болған. Ибн Таймийаның «Акида әл-Васатыя» кiтабын, осы кiтапқа шейх Усейминнiң түсiнiктемелерiн, Ибн Абдуль-Уаххабтың «Үш негiз» кiтабын және басқа да осы тақылеттес дүниелердi оқыған. Шетелдiк (шейх Солих Фаузанның «әл Уара уәл Барасы», Нәдiр әбу Халид, әбу Мәриям Назратулла және т.б.) және қазақстандық «ұстамды» шейхтардың аудио-бейне жазба түрiндегi уағыздарын тыңдапты.

Радикалданудың екiншi кезеңi – бұл тiкелей зорлық-зомбылыққа, террорлық әрекетке шақыру. Салафия-уаххабия ағымының радикал көшбасшылары, мысалы, Мухаммад Хассан, Арифи, әл-Аднани, әбу Бәкiр әл-Бағдади және т.б. әр мұсылман жиһадқа қатысуы керек дегендi ашықтан-ашық жариялайды, олардың кейбiрi, тiптi, жиһадты әркiм өз елiнде жасасын деп азғырып жүр.

Осындай аса қауiптi радикалдық идеология Қазақстанда етек жайып кетпеуi үшiн салафия-уаххабия ағымына ғана емес, республика аумағындағы барлық дәстүрден тыс күмәндi дiни iлiмдерге (нұршылар, сүлейменшiлер, гүленшiлер, кораниттар, ахмадияшылар, жалған сопылар, протестанттық емес ағымдар және т.б.) заң жүзiнде тыйым салу қажет деп есептеймiз.

Салафизм-уаххабизм дегенiмiз не? Беделдi әлемдiк сарапшылардың тұжырымына сүйенсек, бұл кәдiмгi, зорлық-зомбылық, адамдарды топастандыру, олардың санасына қасиеттi мәтiндерден үзiп-жұлып алып, әдейi қате түсiндiрiп, сiңiру жолымен билiк жүргiзу айла-шарғысы. Осы торға қарапайым халықтың оңай түсуiн қамтамасыз ететiн – салафизм-уаххабизм өкiлдерi. Бiрнеше дiннен қойыртпақ жасап, сонымен адамдардың санасын улау арқылы саяси арам пиғылдарға пайдалануға болады.

Әлемдiк сарапшылардың анықтауынша, уаххабизм мен салафизм – нацизм және гитлеризм деген сияқты синоним сөздер. Нацизм – идеология болса, гитлеризм – дәл сол идеологияның оны жүзеге асырған адамның атымен аталған түрi ғана. Бiз айтып отырған жағдайда да салафизм идеология да, ал, уаххабизм – сол идеологияны жүзеге асырған Мухаммад Абд әл-Уаххабтың тегi.

Халықаралық, яғни әртүрлi мемлекеттерде әрекет ететiн болғандықтан, ол бiрде таза дiни (дiни-мәдени-идеологиялық) болғансып, дiн бостандығы мен сөз бостандығын жамылады. Мәселен, Қазақстанда қатарына адамдар тартып, оларға идеологиялық уағыздар жүргiзiп, араб тiлiнiң сабақтарын, қайырымдылық акцияларын өткiзедi. Одан соң жасырын топтар («спящие ячейки») құрады немесе тiптi, «жасырын моджахедтер» болады. Тиiсiнше заңнама болмағандықтан, оларға билiк те ешқандай айып таға алмайды. Белгiлi бiр уақыты келгенде әлгi дайын отырғандар «жаһандық жиһадтың» ана жерден бiр, мына жерден бiр бұрқ ете қалатын ұрыс қимылдарына немесе бiр реттiк террорлық әрекетiне пайдаланылады.

Ақтөбеде болған оқиғалар қазақстандық сан түрлi сарапшылардың талдау пiкiрлерiне себеп болды. Олардың арасынан салафизм-уаххабизмдi жақтаған шешендер де табылды. Сондай ғалымсымақтар әдемi сөзбен салафизм-уаххабизм ағымын ұстамды, бейбiт етiп көрсеткiсi келедi. Олар өздерiнiң «ұстамды» ағайындарын ақтап, бар кiнәнi такфирит, хариджит сияқты радикалдарға аударғысы келедi. Оның үстiне, дiн саласындағы өкiлеттi органдарда сарапшы, кеңесшi болып отырған сондай адамдар дiни терроризм мен экстремизмге қарсы күресте стратегиялық, тактикалық әдiс-тәсiлдер белгiлегенде өкiлеттi орган басшыларын қасақана шатастырып, жалған түсiнiктер бередi. Қазақстандық дiнтанушылардың, теологтар мен басқа да қызметкерлердiң, өкiлеттi мемлекеттiк органдардың мәселенiң тамырына балта шаба алмай, идеологиялық азғыру – маргиналдандыруға жете алмай, тек болған сұмдық оқиғалардың салдарымен ғана күресiп отырғанының негiзгi себебi осы. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» демей ме қазақ, Қазақстанның қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн жағдайларға талдау жасап, оларды қылтиып бас көтерген жерiнен құртып, алдын алу шараларын жасамаған соң бәрi бекер емес пе?! Дiни сарындағы терроризммен, экстремизммен тиiмдi күресу үшiн алдымен оның идеологиялық негiзiн құрту керек дегендi Елбасының өзi бiрнеше рет айтқан жоқ па?..

«Осы жерде айта кету керек, 2011–2012 жылдары болған оқиғалардан кейiн мүфтият зиялылары терроризм мен экстремизмнiң алдын алуға жауапты орындарға салафит-уаххабиттердi ұстамды және радикал деп бөлу қате екенiн, бұлай қателесудiң салдары қоғам үшiн де, мемлекет үшiн де қауiптi болуы мүмкiн екенiн бiрнеше рет ескерттi. Өкiнiшке қарай, соған құлақ асқан ешкiм болмады», – дейді Р.Сыздықов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: