Мамыр айында Ақтөбеде орын алған теракт болар алдында сириялық салафилердің көшбасшысы интернет арқылы әлемдегі идеяластарын үкіметке қарсы шығуға шақырған, деп хабарлайды NewTimes.kz. Бұл туралы ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшесi Рүстем Сыздықов мәлімдеді.
Қарағандылық исламтанушы аталған топпен бірге еліміздің өңірлерін аралап жүр. Батыс облыстарында болған жұмыс тобы жуырда Оңтүстік Қазақстанға келіп, педагогтармен, студенттермен, медицина және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, сұрақтарына жауап береді.
Сыздықовтың айтуынша, дәл қазір тұрғындар салафизм ағымынан сақтануы тиіс. Өйткені, елімізде орын алған лаңкестік оқиғалардың артында дәл осы ағымның өкілдері тұр дейді ол.
«Президент Қауiпсiздiк Кеңесiнiң 10 маусымда өткен отырысында Ақтөбедегi терактiлердiң артында шетелдерден тапсырма алған салафизм-уаххабизм ағымының өкiлдерi тұрғанын мәлiмдедi. Мұның растығына көз жеткiзу үшiн Ақтөбедегi жағдайдан аз уақыт бұрын интернетте сириялық салафиттердiң бiр көшбасшысының өз iзбасарларын «кәпiр» үкiметтерге қарсы теракт жасауға шақырған аудио жазбасы таралғанын еске алсақ та жеткiлiктi», — дейді ол.
Оның пікірінше, кейбір қоғам белсенділері мен журналистер салафизм идеологтарының өтірігіне сеніп қалған.
«Президенттiң мәлiмдеме жасауынан бiр күн бұрын, 9 маусымда салафит-мадхалидтердiң Сауд Арабиясында жүрген тәжiк көшбасшысы Әбу-Мариям Назратуллахтың Ақтөбедегi лаңкестiкке салафиттердiң қатысы жоқ екенiн айтқан мәлiмдемесi таралды. Бiздiң кейбiр журналистер әлгiнiң сөзiне сенiп, Президенттiң сөзiне күмән келтiрiп жатты. Ол журналистер Әбу-Мариям дегендi шыншыл және мыңдаған қазақстандық жастардың тақуалыққа бет бұруына ықпал еткен адам етiп көрсеткiсi келедi. Негiзiнде елiмiзге жауыз идеологияны таратқан тап сол «көшбасшының» өзi болатын. Кезiнде ол көптеген жастарымыздың санасын улады, соның «сабағын» алғандар кейiн Сирия мен басқа да «ыстық» нүктелерге адасып кетiп, соңында ұрыс алаңында қаза тапты немесе түрмеден бiр-ақ шықты. Осылайша, кейбiр журналистер салафилердiң лидерiн бiлiп, бiлмей насихаттап, «салафилер – бейбiт ағым» деген ойды қоғамға сiңiрiп жатыр. Бұл – өте қауiптi құбылыс», — дейді Р.Сыздықов.
Айта кетейік, Ақтөбе мен Алматыдағы лаңксетік оқиғалардан кейін елде салафизм ағымына тыйым салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ал, ҚМДБ жанынан құрылған ақпараттық жұмыс тобының жолы жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына түспек. Өңірде шамамен 3 мыңдай дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар бар дейді имам-молдалар. Дегенмен, діни ахуал тұрақты.