четверг, 25 июля 2024 г.
icon
474.09
icon
514.01
icon
5.48
Алматы:
icon
36oC
Астана:
icon
26oC
1xadv
×

Дәстүрлі емес бағыттағы ағымға түсушілер діни білімсіздіктің белгісі

Елімізде дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендердің саны уақыт санап артып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының орталық мешіті өкілдерінің айтуынша, мұндай келеңсіз жайттарға ең алдымен көпшіліктің діни білімсіздіктері себеп болып жататын көрінеді.

Құдайды исламнан іздеушілердің саны көбейіп жатқаны бір жағынан қуанышты болса, екінші жағынан қауіпке айналып бара жатқаны өтірік емес. Өйткені, ізденушілер нағыз дін маманына емес, көп жағдайда интернеттің көмегіне жүгініп жатады. Ал, жаһандық ғаламторда теріс діни ағымдарды уағыздаушылардың саны тым көп.

Салафилік-уахабилік ағымдардың құрығына ілініп, Таяу Шығысқа соғысқа аттанып жатқан қаракөздердің көбісі дінді интернеттен іздегендер. Өзгелерін радикал-діндарлар мешіттердің маңынан ұстап, уағыздарына сендіретін көрінеді. Мешітке жаңа келіп, оңы мен солын әлі танып үлгермеген жастарды сыртынан жақсы ажырата алатын сектанттар оларды құрығына оңай түсіріп жатады.

Алдымен ақылға қонымды көрінген мұндай діни ағымдар сенімге кіріп алған соң қазақтың дәстүрі мен әдет-ғұрпын жоққа шығарып, құндылықтарымыздың бәрін «ширкке» теңей бастайды. Артынша, намазы жоқ ата-ананы кәпірге балап, олардың қолынан ас ішпеуге уағыздайды. Міне, зұлымдықтың бастауы осы.

Ары қарай намазы жоқтың бәрі кәпір деп үйретіле бастайды. Кейін намазы бола тұра жамағатқа кірмейтіндер де «кәпір атанады». Ал, оларға қарсы болу – Құдай жолымен жүру деп есептеледі.

Осылайша, миы әбден уланған мұндай адамды кез-келген соғысқа жіберу де түкке тұрмайды. Еліміздегі радикалды діни ағымдардың жұмыс істеу жүйесі осындай дейді молдалар. Сондықтан, олардан сақтану үшін дінді тек мүфтиятқа қарайтын имам-молдалардан ғана үйренген қауіпсіз.

Азамат Есенов

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0