понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-3oC
×

Құрбан айт қарсаңында павлодарлықтарға ұлттық тағамдар ұсынатын қымызхана ашылады

Павлодарлық имамдар Құрбан айт мерекесі қарсаңында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің алдында киіз үй формасында қымызхана ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Орталық мешіттің бас имамы Нариман Исеновтің айтуынша, қымызхананың салынуына жергілікті кәсіпкерлер ұйытқы болған. Қымызхана мешіт жамағаты мен қала тұрғындарына қысы-жазы қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, Алла үйінің ауласына болашақта су бұрқақтар мен саябақтар салып, ерекше демалыс орнына айналдыру ойда бар.

«Мақсатымыз - мешіттің ауласын мәдени, рухани демалыс орнына айналдыру. Сол арқылы Алла үйіне адамдарды тартамыз. Өйткені мешіт намаз оқып, Құран бағыштайтын жер ғана емес, рухани азық алып, демалатын орын болуы керек. Қалада қазақтың ұлттық тағамдарын сататын орындар аз. Сондықтан қымызхананы мешіттің ауласына ашуды жөн көрдік. Қымызхана бір мезетте 50-60 адамға қызмет көрсете алады. Мұнда қымыздан бөлек, ет, қазы-қарта, бауырсақ, бал-қаймақ, үйдің кеспесі секілді басқа да ұлттық тағамдар сатылады», — дейді жеке кәсіпкер Қазбек Какенов.

Бұдан басқа, баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлының сөзіне сүйенсек, Айт күндері құрбандыққа шалынған малдың еті көмекке мұқтаж 100-ден астам отбасына таратылады. Биыл Солтүстік өнеркәсіптік аумағында орналасқан «Құлагер» ипподромы Құрбан айт мейрамында құрбандық шалу алаңы ретінде белгіленген. Бұл жерде құрбандыққа шалынатын мал сатылып, мал сою қызметі көрсетіледі. 

«Мұсылмандардың екі үлкен мерекесі бар. Оның бірі - рамазан айындағы Ораза айт болса, екіншісі – қасиетті Құрбан айт. Құрбан айт кезінде 18 жасқа толған, ақыл-есі түзу, мұсылман адам өмірдің барлық нығметі үшін Аллаһ Тағалаға ризашылығын білдіріп, жылына бір рет құрбан шалады. Сойылатын қой, сиыр, түйе арық, ақсақ, соқыр, шұнақ болмауы тиіс. Жаратушыға бұл малдың жүні, қаны, еті емес, адамның ниеті барады. Биылғы жылы Айт намазы таңғы сағат 7.30-да оқылады. Осы уақыттан бастап, 14-қыркүйек күні екінті намазына, сағат 17.30-ға дейін шалған малдың барлығы құрбандық болып есептеледі. Құрбан шалу парыз емес, уәжіп болып есептеледі. Яғни, бұл міндетті орындаған адам сауапқа ие болады», — дейді Амантай Тойшыбайұлы.

Айта кетерлігі, базарларда құрбандыққа шалынатын қойдың бағасы 19 мың теңгеден 35 мың теңгеге дейін барады.  Жыл сайын Павлодар қаласында 200-дей қара мал, 1000-ға жуық қой құрбандыққа шалынады. Мешіт тарапынан тұрақты түрде көмек көрсететін отбасылар бар. Ай сайын 30-дан астам адамға азық-түлік, киім-кешек ұсынылады.  Сондай-ақ, қалалық мәдениет және демалыс саябағында Құрбан айттың бірінші күні аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан және жетім балаларға арнап 10 қазан палау әзірленеді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0