понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
4oC
Астана:
icon
1oC
×

Атырау облысының әкімі: Басты мәселенің бірі – Ұлт жоспарының жүзеге асуы

Атырау облысында жұмыссыздықпен күрес күшейіп, кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылып, бүгінде 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атқарылуға тиісті бірқатар мәселелерді атап айтты. Солардың бірі – ел көлеміндегі ауқымды, тарихи шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Бұл орайда, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мерейтойға нақты жоспар жасақталып, елдің дамуына үлес қосқан азаматтар мен әр саланың үлесі елеп-ескерілуі керектігін айтады. Тәуелсіздік тойына орай, жыл басында жасақталған іс-шаралар жоспарының «қатып қалған» трафарет еместігін айтқан ол, қажетті толықтырулар енгізіп, бұған дейін тиімді жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар туралы да қосып,  әрі қарай жұмыс жүргізу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен үшінші секторды көбірек тартуды тапсырды.  

«Басты мәселенің бірі – Ұлт жоспарының жүзеге асуы. Жұмыссыздықпен күресті күшейтіп, кәсіпкерлікті дамыту да маңызды. Бүгінде 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамытуға тиіспіз. Әр мемлекеттік қызметші, өзіне жүктелген лауазымдық қызметке жауапкершілікпен қарауға тиісті. Өкінішке орай, кейбір жауапты қызметкерлер ісіне салғырт қарайтын болғандықтан, арнайы жиналыс жасап, қайталап айтуға тура келіп отыр. Әр басқарма өзінің құзырындағы барлық мүмкіншілікті пайдалануы керек. Ұрпақтар сабақтастығына да салғырт қарамай, көне көз қариялар мен бүгінгі жас буын болып, бірлесер болсақ, көптеген мәселенің шешімін табар едік», ― деді аймақ басшысы.

Одан әрі облыс басшысы жалпы ішкі өнімді арттыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті бюджетке кірістің 95%-дан астамы негізінен мұнай-газ саласынан түседі. Сондықтан, ауылшаруашылығын дамыту керек. Әсіресе, төрт түліктің өнімдерін өңдеп, пайдаға асыру маңызды. «Қара қазан қайнаса, бәріміздің пайдамыз» деген облыс басшысы жауапты тұлғаларға бұл істеде де бірлесе жұмыс жасауды тапсырды. Белгілі болғанындай, облысқа қарасты аудандардың барлығында шаруашылықты дамытуға мол мүмкіндік болғанымен, оған құлықты азаматтар жоқ. «Кім-кімде кәсіпкерлікпен айналысамын десе, кедергі жоқ. Біздің аймақ ел экономикасының доноры деп кеуде қағамыз. Шын мәнінде бұл мұнайшылардың ғана еңбегінің нәтижесі», ― деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.  

Мемлекеттік жеке серіктестік пен жекешелендіруді жүзеге асыру да – кезек күтпейтін іс. «Коммуналдық мекемелердің нақты саны мен атқарылуға тиісті істердің есебін шығару үшін тағы да тексеру жүргізуді тапсырамын. Қаламыздағы 1200 орындық концерт залы, Алмалыдағы балалар лагері, Атыраудағы тұрмыстық қоқыс қалдықтарын сақтайтын полигон осылардың қатарында. Неге біз жаңа құрылыс нысанын салуға қаражат сұраймыз, осы ғимараттарды кәдемізге жаратсақ, әлдеқайда тиімді емес пе? Сондай-ақ, қажетті құжаттар болмай, қаражат та бөлінбейді. Осы бағытта да жүйелі жұмыс керек. Сала мамандарының жауапсыздығынан, Махамбет ауданы Таңдай селосындағы мектеп те жаңа оқу жылында толыққанды жұмыс жүргізе алмауда.Пайдасыз нысандардан гөрі, халыққа керектіні маңызға алған дұрыс» деген облыс басшысы жұмысты жүйелеу туралы орынбасары Айгүл Әжіғалиева мен облыстың білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауоваға нақты тапсырма берді. 

Жиында облыс әкімі  Қиғаштың жайын да назардан тыс қалдырмады. Бұл орайда Құрманғазы ауданның әкімі Бибоз Шаяхметов бөгетті биіктету үшін арнайы техникалардың жетіспейтінін айтты. Апаттың алдын алу бағытында мардымды істің жоқтығынан хабардар болған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға ескерту жасады.

«Елбасы экономиканы әртараптандыру туралы да айтқан болатын.  Пайдаланылмай тұрған жер учаскелерін қайтарып, оны ауылшаруашылығын дамытуға ниетті мұқтаж жандарға беріп, істі тиімді атқару керек. Облыстағы су қоймалары мен суармалы жерлерді көбейту де басты мәселе. Үкімет отырысында Ұлттық қордан қаражат алмау, инфрақұрылымды дамыту, бюджеттік қаражатты реттеу жайы да сөз болды. Тұрғындарды жеке құрылыс салуға ынталандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда инфрақұрылымы жоқ жерлерге үй салынбайтынын да естен шығармау керек» —  деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Жиын барысында Нұрлан Асқарұлы аймақтағы ветеринариялық ахуал туралы да сұрады. Алайда, оған жауапты өкіл — облыстық ветеринария басқармасының басшысы  Нұрбай Абдрахманов малға нодулярлы дерматит вирусын жұқтырмайтын алты мың сырға алынғанымен, оның үш мыңына әлі де сұраныс түспегенін айтты. Ал, «сібір жарасының» алдын алу шаралары жоқтың қасы. Осыған байланысты, аймақ басшысы орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа аудандармен тығыз жұмыс жасап, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

                                                                                                                                                                              Алина ЗИНЕЛ

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0