Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімгігінің ұйымдастыруымен №116 Д.Нұрпейсова атындағы жалпы орта мектепте оқушылардың дінтанушы мамандармен кездесуі өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Аталған жиынға ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Бектұрғанов қатысып, «Діни экстремизм және терроризм» тақырыбында баяндама оқыды.
«Экстремизм» термині сөзбе-сөз (лат. Еxtremus - шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм – әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Ал «терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады.
Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан лоққы мен зорлық зомбылық» дегенге саяды. Ендігі кезекте экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдарына тоқталсақ.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, күнделікті ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жас өспірім балалар үшін ақпарат кұралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.
Террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді, біз бұған кінәлі емеспіз бе деген көптеген сұрақтар алдымызда тұрғаны ақиқат.
Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлдем жоқ. Ал енді сондай жолға түскендерге дұрыс тәрбие беру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсадық? Рухани дүниелерін қажетті құндылықтармен сусындату арқылы оларды радикалданудан сақтай алдық па? Оларды террордан аулақ қылатындай жауапкершілік сезімімен тәрбиелей алдық па? Кез келген жан өз дінін жетік білсе, ақырет күні есеп беру сезімімен әрекет етер болса, террорлық әрекетке беттеуі мүмкін емес.
Дәл осындай баяндамадан кейін оқушылар дін маманына сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.