Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы әкiмдiгiнiң ұйытқы болуымен Жаңа технологиялар колледжiнде дiни сауаттылықты арттыруға байланысты студент жастармен кездесу өттi. Алдымен студенттерге ақиқаттан адасқан қазақ баласының аянышты тағдыры туралы түсiрiлген бейнеролик ұсынылды.
«Рас, кешегi кеңестiк заманда қоғам дiннен оқшауланып қалды. Сөйтiп, қазақтың тарихында бұрын-соңды болмаған атеизм салтанат құрды. Құдайсыздықтың ақырында елiмiздi имансыздық дертi жайлады. Бүгiнгi қоғамда қанатын кеңге жайған тәрбиесiздiк осының жемiсi деуге болады. Бiздiң мақсатымыз – жастардың дiн туралы түсiнiгiн реттеп, дiни алауыздықтың алдын алу», – дедi Әл-Фараби ауданы әкiмiнiң орынбасары Марат Тәжiбаев кездесудiң беташар сөзiнде.
Кездесуде облыстық дiн iстерi басқармасына қарасты «Дiн мәселелерiн зерттеу орталығының» бөлiм басшысы Файзулла Тайталиев дiни экстремизмнiң қазақтың iшкi өмiрiне араласу тарихынан бастап, елге iрiткi салу тәсiлдерiн түсiндiрiп бердi. Студенттердi одан сақтануға, отаншылдық сезiмiн нығайтуға шақырды.
Айта кетейік, «Дiн мәселелерiн зерттеу орталығы» МКМ мамандары жаңа оқу жылы басталғалы бері Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы мектептер мен жоғары оқу орындарында және колледждерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Басты мақсат – жастарды жат ағымдардың жетегіне кетуден сақтап қалу.
Аталған кездесулер мен семинарлар биыл жазда Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін жүзеге асып отыр. Еліміздің барлық аймағынан құрылған ақпараттық топтар аудан-қалаларды түгел аралап, халыққа дәстүрлі емес діни ағымдардың зауалын түсіндіруде. Аталған топтардың құрамына дін ғалымдарынан бөлек имам-молдалар, Дін істері және ішкі саясат басқармаларының қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кірген.