ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ өңірдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында түрлі кітапшалар мен оқу-әдістемелік құралдарын басып шығарып, жастар арасында тегін таратуда. Бұл туралы аталған мекеме директорының міндетін атқарушы Мәди Бесбаев Түркістанда өткен «Дін – бірлікке бағыттайды» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері жалпы таралымы 55 400 дананы құрайтын 6 кітапша мен әдістемелік нұсқаулар басылып шыққан.
- Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қоғамның барлық әлеуметтік топтарына арналған 8 тақырыпта әдістемелік құралдарды, кітапшаларды шығару жоспарланып, оның ішінде «Қазіргі таңдағы неосәләфиттік ағым» кітапшасы – 10 000 дана, «Қазіргі таңдағы дінтану мәселелері» кітапшасы – 1 000 дана, «Бала тәрбиесі және діни бүліктер» кітапшасы – 39 000 дана, «Қазақстан Республикасының «Жиһад және түсінігі» кітапшасы – 4 000 дана, «Тәлкекке түскен тағдырлар немесе түрмеден келген хаттар» кітапшасы – 400 дана, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар» әдістемелік нұсқауы – 1 000 дана, жалпы есептегенде 55 400 дана кітапша жарық көрді. Сонымен қатар, 5 тақырыпта 5 мың дана плакат шығарылды», - деді М.Бесбаев конференцияда жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ сондай-ақ, дастар арасында түсіндіру шараларын да тұрақты түрде ұйымдастырып келеді екен.
Қоғамның барлық әлеуметтік топтарында ақпараттық түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Оның мақсаты – облыс тұрғындарының діни ауытқуларға қарсы иммунитетін көтеру. Облыстық, қала, аудандық топ мүшелері тарапынан облыс көлемінде жыл басынан бері барлығы 3168 кездесу өткізілді», - деді дінтанушы.