Өткен жұмада Түркiстан қаласында ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келiсiм кеңесiнiң көшпелi отырысы өттi. Рухани астанаға ат басын бұрғандар алдымен Қ.А.Ясауи кесенесiне зиярат етiп, ата-баба рухына Құран бағыштады. Колөнер шеберлерi орталығын аралап, ондағы дүниелердi тамашалады.
Мұнан кейiн Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң мәжiлiс залында өткен басқосуға кеңес төрағасы, ҚР Парламентi Сенатының экс-депутаты О.Рахманбердиев, Түркiстан қаласының әкiмi Ә.Өсербаев, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушiсi М.Қалмұратов және аудан, қала әкiмдерiнiң орынбасарлары, қоғамдық кеңес төрағалары, зиялы қауым өкiлдерi мен облыстық этномәдени бiрлестiк төрағалары қатысты.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес Оңтүстiк Қазақстан облысының барлық аудан, қалаларында бүгiнде 201 қоғамдық келiсiм кеңесi құрылып, елдегi татулық пен тұрақтылықты сақтау, билiк пен бұқара арасындағы байланысты нығайту бағытында нәтижелi жұмыс атқаруда, – дедi кеңес төрағасы кiрiспе сөзiнде.
Мұнан кейiн баяндама жасаған облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушiсi М.Қалмұратов қоғамдық кеңестiң атқарған жұмыстарына кеңiнен тоқталды. Мұратәлi Оразалыұлының айтуынша, облыстық кеңеске ел арасында беделi мен сый-құрметi бар 37 азамат мүше. Аудандық, қалалық қоғамдық келiсiм кеңестерiне 196 қоғам белсендiсi, ауылдық округтердегi қоғамдық келiсiм кеңестерiне 1332 қоғам белсендiсi мүше болып тiркелген. Олар тұрғындар мен жергiлiктi атқарушы билiк арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, елдi толғандырған өзектi мәселелердiң дер кезiнде шешiлуiне ықпал етуде. Қоғамдық кеңес құрылғалы берi мемлекеттiк жастар саясатының өңiрде iске асырылуына, бiлiм саласындағы өзектi мәселелердi шешуге ықпал жасап келедi. Кеңестерге жүктелген мiндеттердiң бiрi – дауласқан тараптарды өзара ымыраға келтiру болса, азаматтық қатынастағы даулы мәселелердi сотқа дейiнгi тәртiппен шешудi, яғни медиация заңының қолдану аясын кеңейтудi биылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алды. Бүгiнде облыстық ассамблея жанынан арнайы медиация кабинетi ашылып, сенiм телефоны (39-23-30) орнатылған. Жыл басынан берi телефон арқылы 326 өтiнiш түссе, 19 азамат жеке қабылдауға келiптi. Одан бөлек, 44 кәсiби, 534 кәсiби емес медиатордың дерекқоры жасалған. Өңiр медиаторларының араласуымен 2317 iс қаралып, оның 1226-сы оң шешiлдi.
Қоғамдық кеңестiң отбасылық құндылықтарды дәрiптеу, дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын-алу, аналар кеңесiнiң жұмысын жандандыру бағытында атқарған жұмыстарын кеңес мүшелерi жоғары бағалады.
Жиында Түркiстан қалалық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Ә.Әбдiқадыров, Сайрам аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы А.Қабылбеков алдағы уақытта шешiлуi тиiс мәселелердi талқыға салып, ой-пiкiрлерiн бiлдiрдi.