четверг, 2 января 2025 г.
icon
525.11
icon
546.74
icon
4.88
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-9oC
×

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру – жемқорлықпен күрестің алғышарты

Былтырдан бері елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары жаңа деңгейге көтерілгені белгілі. Оның басты себебі – Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының қабылдануы еді. Аталған құжатқа желтоқсан айында Елбасы қол қойғаннан кейін коррупциямен күрестің кешенді шаралары қолға алынып отыр.

Бұл қандай шаралар? Аталған стратегияның орындалу барысы мен нәтижелері қалай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын біз Астана қалалықМемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне қарастыСыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Данияр Исрайылұлы Райымбаевтан сұрап білдік.

Оның айтуынша, Елбасының өзі бекіткен осынау маңызды құжат жемқорлықтың салдарынан бұрын, оны алдын алуға бағытталған кешенді шаралардан құралған.

«Бұл құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тек құзырлы органдарды ғана емес, бүкіл қоғамды тарту. Яғни, коррупцияның қандай түріне болмасын «нөлдік төзімділік» таныту. Бұл елдегі жемқорлық деңгейін әлдеқайда төмендетеді. Біздің мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес екені белгілі. Стратегия осы бағытты жүзеге асыратын негізгі құрал болмақ», — дейді Д.Райымбаев.

Маманның сөзінше, Стратегияның қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқаны бірнеше көрсеткіш бойынша анықталады екен.

«Ең бірінші көрсеткіш – мемлекеттік қызметтің сапасы. Баршаға мәлім, қазіргі қоғамның дамуында мемлекеттік қызметтердіңалар орны ерекше. Сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіші де осы мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей байланысты. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қаншалықты сәтті жүзеге асқаны мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығына, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетудің айқындығына байланысты. Білесіздер, жемқорлықтың ең алғашқы көрінісі шенеунік пен қарапайым азамат арасындағы байланыстан кейін туындайды. Ал, мемлекеттік қызмет қаншалықты ашық әрі қолжетімді болса, жемқорлықтың да деңгейі соғұрлым төмендей береді. Сондықтан, қазіргі таңда заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы біз адами фактордың қатынасын барынша төмендетіп отырмыз», — дейді ол.

Оның айтуынша, мемлекттік қызметтің сапасы төмендегідей өлшемдермен бағаланады екен:

- мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру;

- мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз ету;

- тұтынушының көрсетілген мемлекеттік қызметке көңілі толуы;

- мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

«Ал, екінші көрсеткіш – мемлекеттік билік институтына деген халықтың сенімі. Бұл үшін биліктің командамен ауысуына тыйым салу, бос орынға байқау өткізу секілді шаралар қабылданды. Мәселен, бос лауазымға байқау жариялағанда біз бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуын қамтамасыз етеміз. Олардың байқау комиссиясының отырысына қатысуы – мемлекеттік органға арызданушылардың санын кемітеді, байқау процедурасының бұзылуына жол бермейді және халықтың сенімін арттырады», — деп атап өтті Данияр Исрайылұлы.

Бас маманның айтуынша, қазір тамыр-таныс арқасында жұмысқа орналасу, қызметте өсу сынды келеңсіздіктерге тосқауыл болатын шаралар да қолға алынған.

«Біз мемлекеттік қызметтегі өсудің «таныс» арқылы емес, іскерліктің арқасында келетінін санаға сіңіруіміз қажет. Бұл бізге мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және осы айтылған екінші көрсеткішті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес принциптерін ұстану, яғни коррупциялық заңбұзушылық жасағаны үшін жазаның ашықтығын қамтамасыз ету – халықтың билік институттарына деген сенімін нығайта түседі», — дейді ол.

Стратегияның тағы бір көрсеткіші халықтың құқықтарды білу деңгейімен өлшенеді екен. Жемқорлық заңнамаларының бұзылуы әдетте тұрғындардың өз құқықтарын жүзеге асыруда заңнан бейхабар болуынан орын алып жататыны белгілі. Бұл кемшілікті түзеу үшін қазір халық арасында ауқымды түсіндіру шаралары қолға алынған. Азаматтардың жас ерекшелігіне, кәсібіне және өзге де өлшемдеріне байланысты олардың құқықтық сауатын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру арқылы біз олардың жемқорлыққа деген төзбестігін де қоса арттырамыз және осынау қоғам дертіне айналған жемқорлыққа заң аясында қарсы тұрамыз. Бұл өте тиімді», — деп сөзін жалғады Д.Райымбаев.

Оның айтуынша, стратегияның келесі индикаторы – мемлекеттің халықаралық қауымдастық алдында беделін арттыру және халықаралық рейтингтердегі ахуалын жақсарту, соның ішінде «Transparency International» рейтингінде де.

«Бұл бағытты жүзеге асыру үшін кешенді шаралар атқарылуда. Мәселен, шетелдік басылымдарға Қазақстанның жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан саясатын баяндайтын мақалалар жарияланып келеді (Ұлыбритания – Thediplomat.com, Еуропа – Еureporter.com, Osce.org, АҚШ – Dispatchnewsdesk.com, Azattyq.org, Ресей – Easttime.ru, Иран – Tehrantimes.com). Сонымен қатар, шетелдік БАҚ беттеріне (Интерфакс және Коммерсантъ) 2015 жылдың 19 қарашасында Астанада өткен Жемқорлыққа қарсы мемлекетаралық кеңес отырысының нәтижелері жарияланды. Аталған стратегияны жүзеге асырудың 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазақстандық делегацияның шет мемлекеттерге жасаған іс-сапарлары аясында біздің Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбында презентациялар, келіссөздер, пікірсайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бағалайтын және рейтинг түзетін халықаралық ұйымдарға тиісті ақпараттар беріліп келеді», - деді Данияр Райымбаев бізге берген сұхбатында.

Айта кетейік, Transparency International-дың жемқорлықты қабылдау индексі туралы айтқанда, оның (Индекс) сарапшылар мен бизнес-компания басшыларының пікіріне және халықаралық ұйымдардың мәліметтеріне негізделетінін ескеру керек. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан 28 ұпай алып, 126-орыннан 123-орынға көтерілді. Сарапшылардың мән берген оң өзгерістерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында жаппай заңнамалық өзгерістердің енгізілуі және мемлекет билігінің іс-әрекетінде ашықтық пен есептілікке қол жеткізуіміз еді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0