Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты
Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының Ляонин провинциясына жасаған жұмыс сапары аясында Цзиньчжоу қаласына барды.
2 мың жылдан астам тарихы бар шежірелі шаһар Қытайдың солтүстік-шығысында, Бохай шығанағының жағалауында орналасқан. Бүгінде мұнда 3 миллионға жуық адам тұрады.
Стратегиялық маңызы бар портты қала құрлық пен теңіз қатынастарында әлеуеті жоғары халықаралық торап ретінде ірі сауда орталығына айналып келеді. Өңір делегациясы өндірістік нысандарды аралап, озық технологиялармен танысты.
Алғашқы екіжақты ынтымақтастық кездесу PetroChina Jinzhou Petrochemical Company кәсіпорнында өтті. Компанияның атқарушы директоры Юань Цинбинь зауыт тарихы мен әлеуетін таныстырды.

Жылдық табысы 30 млрд юаньнан асатын кәсіпорында 6 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Отын-химия кешені электромобиль батареялары мен болат балқыту пештеріне аса қажет жоғары төзімді көміртекті материал өндіру көлемі жөнінен әлем бойынша көш бастап тұр.
Компания смартфондар мен компьютер чиптерін тазалауға арналған G3 және G5 класты электронды техникалық спирт шығарып, Қытайдың жоғары технологиялық өнеркәсібін импортқа тәуелділіктен арылтты.
Цифрлық шешімдер енгізуде де озық тәжірибе қалыптасқан, өндіріс толық автоматтандырылған. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстырып, өңір экономикасын әртараптандырудың маңызына тоқталды.

«Биылғы 4 айда негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 182,6 млрд теңгені құрап, 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17 пайызға артты. Көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға әлеуетіміз толық жетеді. Батыс Қазақстан облысы Қытайдың 5 бірдей провинциясымен тығыз байланыс орнатты. Күні кеше облыстың әкімшілік орталығы мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар атанды. Бұл қадам екіжақты ынтымақтастық пен іскерлік байланысқа тың серпін береді деп сенеміз», — деді Тілепберген Каюпов.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге және ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылауға уағдаласты.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі