Бүгін Қызылордадағы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында коронавирустық инфекцияның алдын алудың шектеулі шараларына байланысты брифинг өтті. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова, облыстық мәдениет, мұрағаттар, және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Абдусаметов Жақсылық, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында індеттің алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын жерлердегі шаралар уақытша тоқтатылатындығы айтылды. Ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында мектеп оқушыларына мерзімінен бұрын демалыс жарияланды. Дегенмен, мектептердегі қызметкерлер күнделікті жұмысын жалғастыра беретіндігін жеткізді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов. Ал, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арнайы қашықтықтан оқыту платформасы арқылы білім алатын болады. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау үшін оқушылар арасында өткізілетін емтихан кейінге қалдырылды. Алайда, балабақшалар әдеттегідей өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Алда келе жатқан «Наурыз» мерекесіне орай ұйымдастырылатын кең көлемдегі шараларға да шектеу қойылды.
«Бұл ауру әлемдік эпидемия болып жарияланғандықтан, біз де әлемнің бір бөлшегі ретінде тиісті шараларды жасауымыз керек. «Наурыз» мерекесіне, атаулы күндерге арналған іс-шаралар тоқтатылғанымен, ел арасында, ағайын-туыстың, отбасы төңірегінде тойлауға шектеу қойылмайды», — деді Наурызбай Сейтқалиұлы.
Бүгіннен бастап Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерге әр рейс сайын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Осы орайда Мәскеуге қатынайтын әуе рейстерінің де кейінге қалдырылғанын айта кету керек. «Fly Arystan» әуе компаниясы арқылы Қызылордадан Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қатынайтын барлық рейстер сәуір-мамыр аралығында жұмысын тоқтатады.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар, және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуованың айтуынша мәдени орындарда жоспарланған ірі шаралардың уақыты кейінге шегерілген. Алайда, театр әртістері жаңа репертуарлар бойынша дайындық жұмыстарын жалғастыра береді. Дегенмен, театр, филармония қызметкерлері гастрольдік сапарларға шықпайтынын жеткізді басқарма басшысы.
Дәрігерлер ауруды болдырмаудың қарапайым қағидаларын сақтау керектігін айтады.
«Инфекция күн сәулесінен қорқады. Сондықтан ауа алмасу, күн сәулесінің жеткілікті түсуі, ылғалды тазарту жұмыстарын жиі жасау, антисептиктер қолдана отырып тазалық сақтау арқылы сақтануға болады», — дейді мамандар. Ал, шетелге барып келген азаматтарда қандай да бір күмән болған жағдайда дәрігерге хабарласып, жағдайын жасырмау керектігін айтады. Жиынға қатысқан мамандар қорқудың қажеті жоқ екенін, бұл шектеулер алдын-ала сақтық үшін жасалып жатқан шаралар екенін жеткізді.