суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-3oC
Астана:
icon
-7oC
×

Қызылорда облысында коронавирустен сақтану жұмыстары қатаң түрде жүргізілуде

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов аймақта коронавируске қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аймақта коронавирус инфекциясынан қорғану мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.  Індетті жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған және аурудың белгілері бар адамдардан қан сараптамасы алынған. Сонымен қатар, оқшаулау жұмысы қатаң түрде қадағалану үстінде, хабарлайды «NewTimes.kz».

Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, вирус анықталғандардың ішінде жолаушылар пойызына, авбустарға мінген науқастармен бірге келген адамдардың тізімдерін арнайы қызмет көмегімен тауып, барлығынан қан сараптамасы алынған. Солардың ішінде Түркістаннан табылған науқас адаммен бір вагонда болған Шиелі ауданының тұрғынынан коронавирус анықталды.

Бүгін 70 адамның қан сараптамасының нәтижесі күтілуде. Аймақтан анықталған алғашқы екі науқастың қан сараптамасы Алматыдағы зертханаға жіберіліп анықталса, бүгінде осы бағыттағы жергілікті үш зертхана жұмыс істеп жатыр. Осы орайда аймағымыздағы эпидемиолог-дәрігерлердің өте тәжірибелі мамандар екенін атап өтті Наурызбай Сейтқалиұлы.

Наурызбай Байқадамов елдегі төтенше жағдай кезінде аймақта карантин талаптарын орындамай, топтасып жүрген адамдарға әкімшілік-құқықтық шара қолданылатынын жеткізді. Осы кезге дейін бірнеше рет рейд жұмыстары жүргізіліп, жүздеген адамға ескерту берілді.

Облыс көлемінде мемлекет тарапынан тағайындалатын 42 500 теңге жәрдемақыны 63 мыңдай азамат ала алады. Аталған жәрдемақыны тағайындау бойынша сала мамандары бірқатар жұмыстар атқарып жатыр.

«Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облысымызда коронавируспен күресу мақсатында 104 млн теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі медициналық бағытқа қажетті жабдықтар үшін арналған», — деді Наурызбай Байқадамов.

Аймақта инфекция анықталған ошақтарды дезинфекциялау жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ, профилактика ретінде қоғамдық орындарда да дезинфекция жұмыстары жасалады. Қорғаныс министрлігі бекіткен арнайы бригадалар дезинфекция жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде өңірдегі көптеген мекемелер жұмысын уақытша тоқтатты. Тек халыққа аса қажетті орындар ғана санитарлық талапқа сай жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы орайда қонақүйлер мен жеке клиникаларын карантинге қажетті орын ретінде қолдануға берген жеке кәсіпкерлердің бар екенін атап өту керек.

Наурызбай Байқадамов қашықтықтан оқыту төңірегінде аймақ оқушылары мен ұстаздары үшін үш мәселе бар екенін айтты.   Оның бірі компьютері жоқ оқушыларға мектептің компьютерлерін келісімшарт арқылы уақытша беру болса, екіншіден,  интернеті жоқ үйлерге мүмкіндік жасау жағдайы қарастырылуда. Ал, ғаламтор желісі жоқ ауылдық жерлерге телевидение арқылы сабақ беру дайындығы жүріп жатыр.

«Осы мәселеге сәйкес техникалық деңгейдің қаншалықты екені анықталады. Әрі онлайн режимінде оқыту жұмыстары алғашқы рет ұйымдастырылатын болғандықтан бірқатар қиындықтар болуы мүмкін. Бұл – біздегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі мәселе. Себебі, жаппай интернет арқылы оқыған кезде ғаламтордың контенттерді көтере алмай қалуы да мүмкін», — деді Наурызбай Байқадамов.

Дегенмен, кез келген жағдайда білім алуға ынталы адам барлығын игеріп кететінін жеткізді облыс әкімінің орынбасары.

«Коронавирус – әлемді алаңдатып отырған індет. Сондықтан одан қорғану – қоғам болып атқаратын жұмыс. Кез келген адам вирусты тасымалдаушы болуы ықтимал. Сондықтан, оқшаулану жағдайын аса мұқият сақтаған жөн. Дүкенге шығарда да мейлінше дезинфекциялық қорғаныш құралдарын киген абзал.  Өйткені, вирус көзге көрінетін зат емес», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0