Сыр өңірінде 20 сәуірден бастап күріш егу жұмыстары басталады. Бұған дейін аймақтағы шаруалар жер өңдеу, жоңышқа, бидай егу жұмыстарын жүргізіп, егін маусымына тыңғылықты дайындықтарын жасады. Мәселен, жергілікті «Абзал и К» компаниясының мамандары күріш егетін техникаларының дайын екенін айтады. Аталған компанияның коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, биылғы егін маусымына арнап 1,5 млн евроға қажетті техникалар алынған.
«Күріш ақтау техникалары шетелден алынады. Сол себептен келісімшарттар доллар және евро курстары арқылы жүргізіледі. Біз девальвацияға дейін бағасы 135 млн теңге тұратын екі комбайн сатып аламыз деп жоспарладық. Алайда, валюта бағамының өсуіне байланысты қажетті құралдарымыз 17% қымбаттап, алынған бағасы 190 млн теңге болды. Соның салдарынан 110 млн теңге артық шығын жұмсадық», — дейді маман.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы саласына қолдау жасалатыны туралы айтылды. Осы орайда Сыр маржанын өсіретін ірі мекеме үшін біраз жеңілдіктер болатынын жеткізді Сағидулла Сыздықов.
«Қазіргі жағдайға байланысты мемлекет тарапынан күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтарға салықтан босату мақсатында 8% жеңілдік қарастырылып жатыр. Ал, салықтан босату арқылы өндірістегі бірқатар шығынның орнын толтыруға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы саласына 70 млрд теңге бөлінетінін айтты. Аталған қаражат тиісті шаруашылықтарға белгіленген көлемдегідей толық жететін болса, сала мамандарына үлкен көмегін тигізер еді. Себебі, бұл қаражатқа субсидия алынады. Яғни, ол тұқым, тыңайтқыштар мен қажетті құрылғыларға жұмсалады. Егін егу науқанының көктемде басталатынын ескере келе, бөлінетін қаржының да сол мерзімге дейін берілгені тиімді. Өйткені, көп жағдайда субсиядияға бөлінген қаржылар шілде-тамыз айларында түсіп жатады. Ол егін шаруашылығымен айналысатындар үшін тиімсіз уақыт», — дейді Сағидулла Сыздықов.
Қызылорда облысының аудандарындағы негізгі тіршілік көзі — ауыл шаруашылығы. Аудандардағы халықтың 30% осы салада еңбек етіп, табыс тауып жүр. Осы орайда Сыр өңірінің келешегі де ауыл шаруашылығымен байланысты екенін жеткізді маман.
«Былтыр біздің егініміздің өнімділігі жоғары болды. Елімізді күрішпен толыққанды қамтамасыз ете алатын мүмкіндігіміздің жоғары екенін айтқым келеді. Одан өзге өніміміз Әзербайжан, Өзбекстан, Монғолия елдеріне экспортталады. Eуразиялық экономикалық одақ аясындағы кеден одағы бойынша қазақстандық күріштің тасымалдануына тыйым салынбайды. Бұл біздің кәсіпорынға да, мемлекетке де дағдарыс кезінде кіріс кіргізеді», - деді Сағидулла Сыздықов.
Елдегі ахуалға байланысты «Абзал и К» компаниясы таяуда Нағи Ілиясов ауылының тұрғындарына 10 тонна күріш, 1000 л май, 10 тонна ұн, т.б. азық-түлік бойынша көмек берді. Бұл компания басшылығының тұрақты түрде қайырымдылық жасап отыратынын айта кету керек.