Сыр өңірінде өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген «КазАгроМир» ЖШС жылыжай кешені алғашқы өнімін берді. Бүгінде Қызылорда облысының Махамбет ауылында орналасқан жылыжай кешенінде қияр өнімін жинау жұмыстары басталып кетті. Жергілікті жұмысшылар күніне орта есеппен 5-6 тонна өнім жинауда.
Мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған жобаны әрі қарай дамыту көзделіп отыр. Алдағы уақытта өнім көлемін күніне 10 тонна, ал жылына 1000 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді мамандар. Жылыжайдың жалпы аумағы екі гектарды құрайды. Мұнда өнім өсіру процестерінің барлығы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, автоматтандырылған. Кешенде 30 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылыжай өнімдері жергілікті халыққа қолжетімді бағада ұсынылады.