воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-9oC
×

Г. Әбдіқалықова: «Аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудағы мәселелерге баса назар аудару қажет»

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болды. Сапар барысында елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып,  «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы (әрі қарай – Мемлекеттік бағдарлама) аясында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Шиелі ауданына 3 млрд астам қаржы бөлініп, инженерлік-көліктік инфрақұрылым, әлеуметтік-мәдени, тұрғын-үй коммуналдық, абаттандыру бағытында 21 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 681 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өңір басшысы алдымен Сұлутөбе ауылдық округінің 1 Мамыр елді мекеніндегі «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары және ауыз су жүйесінің жағдайын көрді. Бұл ауылға абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 58 млн теңге бөлініп, 14 тұрғын жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ, аталған бағдарлама шеңберінде «Самара-Шымкент-Тартоғай» жолының орташа жөндеу жұмысын тексерді. Гүлшара Әбдіқалықова жұмыстарды сапалы жүргізіп, белгіленген уақытта бітіруді тапсырды.

 

Мұнан соң облыс әкімі Жөлек елді мекеніне кіре берістегі көпірге күрделі жөндеу және Шиелі кентінде жол жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Облыс әкімі аудан әкіміне бөлінген қаржыны мақсатты жұмсап, сапалы жұмыс жүргізуде тапсырды.

Аймақ басшысы екі мәрте социалистік еңбек Ері Ы. Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде болып, кесенесінде баба рухына тағзым етті.

Шиелі кентіндегі Ә. Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп лицейіне мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәжіліс өтті. Жиында аудан әкімі Қ. Мүбараков атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіштерді арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Алдымен, аудан экономикасы дамуының үстіміздегі жылдың 4 айының қорытындысына қысқаша тоқталып өтейін. Шиелі ауданында негізгі макрокөрсеткіштердің 4-уі, атап айтсақ, ауыл шаруашылығы 0,2%, инвестиция 74%, құрылыс жұмысы көлемі мен тұрғын үй құрылысы 15,3% төмендеп, меже орындалмаған. Әлеуметтік сала, оның ішінде денсаулық сақтау саласында да кемшіліктер бар. Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар мәселелер көтерілді. Аталған кемшіліктерді жою бағытында ауқымды жұмыс атқару қажет. Біздің басты бағытымыз тұрғындардың әл-аухатын көтеру», — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Мәжілістен  кейін аймақ басшысы Шиелі кентіндегі жылыжайдың, «РУ-6» кен басқармасының «Қарамұрын» цехының, «Ару ана» шұбат цехының, «Кемикал қазақстандық мұнай-химия компаниясы» ЖШС-нің пластмасса құбырларын шығару зауытының, «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің цемент зауытының жұмысымен танысты.

«Біз кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап келеміз. Мәселен, биылға «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасын аймақта іске асыруға 3,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Яғни, жылдан жылға бөлінетін қаржы еселеп артып келеді. Кәсіпкерлік саласын дамытуға мүмкіндік берілуде, тек жұмыс жасау керек. Мұнымен қоса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуын қолға алыңыздар. Бұл бағдарлама ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында іске асырылуда. Халықты күнделікті тұтынатын тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жүзеге асуын қадағалаңыздар», — аймақ басшысы аудан әкіміне тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі кентіндегі үш қабатты                             18 пәтерлі тұрғын үй құрылысының және Ақмая ауылындағы егіс алқабында ауданның дала жұмыстарының барысымен танысты. Бұл егіс алқапта 370 гектар жерге күздік бидай егілген және жаңа цифрлық технологиялар пайдалануда.

Өңір басшысының жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасады деп жоспарлануда.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0