Әбдіқалықова Түркия елінен келген ӨЖЖ аппараттарын фтизиопульмонология орталығына табыстады

Қызылорда облысының басшысы Тасбөгет кентінде орналасқан облыстық фтизиопульмонология орталығына барып, Түркия елінен келген өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарын табыстады.  

Әбдіқалықова Түркия елінен келген ӨЖЖ аппараттарын фтизиопульмонология орталығына табыстады

Бүгін Түркия елінен Қазақстанға гуманитарлық көмек пен 30 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Оның ішінде аппараттың 10 данасы Қызылорда облысына берілді. Аппараттың үшеуі облыстық фтизиопульмонология орталығына берілді. Ал қалған жетеуі өңірдегі өзге ауруханаларға жеткізіледі.

Түркия үкіметімен бірге қазақ қауымдастығының өкілдері де елімізге қолдау көрсетуде.

Жоғарыда аталған орталықта 120 орындық инфекциялық стационар ұйымдастырылған. Оның ішінде 6 төсек жансақтау бөлімі болып ашылған. Бүгінгі таңда стационарда 111 науқас ем алуда, оның 4 жансақтау бөлімінде. Тағы 9 азамат облыстық көпбейінді және қалалық ауруханадан ауыстырылатын болады. Айта кету керек, «Вi-group» құрылыс компаниясы 10 оттегі концентратын фтизиопульмонология орталығына сыйға тартқан.

Айта кету керек, бұған дейін Сыр өңіріне Өзбекстаннан 240 мың жеке қорғаныс құралы жеткізілді.

Loading...