Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық барысы бақылауда

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде және коммуналдық тарифтердің қазіргі жағдайы туралы жиын өтті.

Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық барысы бақылауда

Басқосуда аймақ басшысына Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Қыдыркүл Құдабекова, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова, «Қызылорда электртарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Руслан Нұрмағанбетов, «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Марат Жамиев және «Энергосервис» ЕЖШС директоры Еркебұлан Есенбаев есеп берді.

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Г. Өтегенованың айтуынша, жыл басынан бері коммуналдық төлемдерге деген тариф өспеген. Керісінше кей бағыттарда тарифтердің төмендегені байқалады. Мысалы, сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер қосымша құн салығымен бірге м3 үшін 45,61 теңге. Бұл республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш. Сондай-ақ су тарту тарифі республикадағы орта көрсеткіштен төмен — 48,8%.  Дәл осындай көрсеткіш халыққа берілетін жылу тарифінде де байқалады. Көрсеткіш — 48,38% құрайды.

Жиында алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық барысы да пысықталды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.  Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары жоспармен жүзеге асырылып келеді.

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы жоспардағыдай. Облыс әкімі жиынға қатысқан құзырлы органдарға мәселені жіті назарда ұстау керектігін тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы халыққа қолайсыздық тудырмай қаладағы жылу құбыр магистралінің жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Облыс бойынша 1 185 әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына қажетті қатты отын қоры 39,5 мың тонна және сұйық отын 26 мың тонна. Бүгінгі таңда облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.

Сондай-ақ жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет. Бүгінгі күні қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісім-шарт жасау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларымен инженерлік желілерге қайта жаңғырту және көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жиын соңында облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда қаласының әкіміне, салалық басқармалар мен мекеме басшыларына жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуін қатаң бақылауға алуын тапсырды.Сонымен қатар, табиғи монополияларды реттеу Қызылорда облысы бойынша департаментіне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және реттелетін коммуналдық қызметтерге тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Loading...