Сыр оқушыларының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды

Бүгін жаңа оқу жылын қашықтан ұйымдастыру бойынша білім беру ұйымдарының дайындығын қадағалау мақсатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованы қабылдады. Басқарма басшысы білім беру саласы бойынша аймақта атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеді.

Сыр оқушыларының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды
Фото: 24.kz

Биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша 18 423 бала 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарланып отыр. Аймақтағы 293 мектепте 169 143 оқушы білім алады. Арал ауданынан 9 мектеп, Қазалы ауданынан 3 мектеп, Байқоңыр қаласынан 5 мектеп, Қызылорда қаласындағы 41 мектеп жаңа механизм бойынша қаржыландыру жүйесіне өтеді. Яғни, биыл мектептер жан басына қаржыландыруға көшеді.

«Жаңа оқу жылының І тоқсанында 222 мектептің 116 888 оқушысы қашықтан оқитын болып шешілді. Оқушылар «BilimLand», «Дарын-онлайн» интернет платформалары арқылы сабақ оқиды. Ал, 1-4 сыныптың 41 547 оқушысы дәстүрлі түрде білім алады. Сондай-ақ, шалғай аймақтарда орналасқан елді-мекендердегі 71 мектептен 10 712 оқушы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқытылады», — деді Ақзира Қасымова.

25 тамызға дейін интернетке қосылатын электронды құрылғысы жоқ 9687 оқушы қажетті техникалармен қамтамасыз етілетін болады. Бұған дейін демеушілер тарапынан білім алушыларға 239 планшет, 15 ноутбік берілді. Осы орайда басқарма басшысы республикалық бюджет арқылы 22 870 компьютер мен планшеттер сатып алу жұмыстарының жүргізілетінін жеткізді. 

Қабылдау барысында оқулықпен қамтамасыз ету жағдайы да талқыланды. Бұл ретте Ақзира Қасымова 2020 жылы оқулықтарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралғанын айтты. Бүгінде баспалардан қажетті кітаптардың 89 пайызы алынып, 25 тамызға дейін барлық мектептерге жеткізілмек.

Loading...

28 сентября, понедельник