Сыр өңірінің әкімі Отбасы күнімен құттықтады

Бүгін Қызылорда облысының басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс тұрғындарын Отбасы күнімен құттықтады.

Сыр өңірінің әкімі Отбасы күнімен құттықтады

«Қадірлі жерлестер! 

Халқымыз үшін отбасы — қашан да қасиетті де қастерлі ұғым.  

Отбасы құндылығы қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болғаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие — бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі», — деген сөзі бар. 

Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы.  

Отбасын құрайтын үштаған — әке, ана, бала. Үштағанның үйлесімді дамуы мемлекет іргетасының берік болуына, тәуелсіздігіміздің сақталуына қызмет етеді. 

Сондықтан, отбасындағы тәрбиенің маңызы аса зор. 

Осы мақсатта 2013 жылы Президент Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп жарияланды. Отбасы күнін арнайы бекітіп, Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер тізіміне енгізу — қоғамның назарын отбасы құндылықтарын нығайтуға аудару еді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын көбеюде», — деді облысының әкімі.

Аймақ басшысы айтуынша аймағымызда 141 мың отбасы болса, оның 23 432-сі көпбалалы отбасы. Жыл басынан бері 9 888 отбасыға 6 030,2 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Тұрғын үй көмегін көрсетуге 418,8 млн теңге қаралып, 4 029 отбасына 122,7 млн теңге төленді.

«Сонымен қатар, жыл басынан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған жеке жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасыларға арналған. Мемлекеттен берілетін көмектің мөлшері бала санына байланысты. Төрт және жеті баласы бар отбасы 44 448 теңгеден 77 784 теңгеге дейін ала алады. Алайда, қолданыстағы ережелер жәрдемақы алушылардың белгілі бір санатының мүдделеріне нұқсан келтірді. Себебі, 16 баласы бар отбасы да 7 баласы бар отбасына арналған жәрдемақы мөлшерін алатын. Осындай олқылықты жою үшін Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 13 мамырында 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға арнайы жәрдемақы мөлшерін белгілеген заңға қол қойды. Сонымен, 8 балалы отбасы үшін жәрдемақы — 88 896 теңге, 9 балаға — 100 008 теңге, 10 балаға — 111 120 теңге, 11 балаға — 122 232 теңге, 12 балаға — 133 344 теңге, 13 балаға — 144 456 теңге, 14 балаға — 155 568 теңге, 15 балаға — 166 680 теңге, 16 балаға — 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл жәрдемақы өңірімізде 23 мыңнан астам отбасына төленуде», — атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

««Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл соңына дейін  698 отбасы,  оның ішінде 431 көпбалалы отбасы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, 115 отбасына кредиттік тұрғын үй берілсе, жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде отбасы институтын дамыту жұмыстары жүргізіле береді.

Құрметті қызылордалықтар!

Әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік болсын, береке-бірлік арылмасын деп тілеймін.

Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!», — деді облысының басшысы.

Loading...

25 сентября, пятница