Ел дамуының айқын белгілерінің бірі – спорт саласындағы жетістік. Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған Қазақ елі үшін спорт саласында бағындырған шың аз емес. Әлемдік ареналарда топ жарып жүрген жүлделер ел мерейін үстем етуге септігін тигізетіні анық. Иә, әлемдік жарыстарда жүлде алу оңай шаруа емес. Спорттағы ең биік белес – Олимпиада ойындары.
Аталған дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшы дәл осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олимпиада ойындарына ел спортшылары тәуелсіздік алғалы алты мәрте қатысты. Әрі ешқашан алтын медалсіз қайтып көрген жоқ. Ел спортшылары жазғы Олимпиада ойындарында 1996 жылдан бері жалпы 64 медаль жеңіп алды. Бұның 19-ы алтын, 20-сы күміс, 25-і қола медаль. Ал қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып жүрміз. Байрақты бәсекеден жоғары нәтижемен оралған әр саңлақты мұқым халықпен бірге Елбасы да ерекше әспеттеді. Ел намысын қолдан бермеген әр спортшы көк туды желбіреп, дүйім жұрттың алдында Әнұранды шырқатып, Елбасымен кездесулерін тебірене еске алады. Жеңістің биік тұғырынан көрінгендер арасында шығысқазақстандық спортшы, 3 аттап секіруден 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиаданың чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова да бар.
«Елбасымен кездескен әр сәт есімде. Әр кездесуден шабыт алатынбыз. Менің алғашқы Олимпиадам Пекиннен бастау алды. Нұрсұлтан Әбішұлы спортшыларды үлкен залда қабылдағанда қатты қобалжыдым. Бізге ізгі тілегін айтып, қолдау білдірді. Тіпті, бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдар секілді сөйлестік. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуден алған әсерім ерекше», - дейді өз сұхбатында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында қол жеткізген спорттық жетістіктеріміз аз емес. Ұлттық спорт түрлерін де қайта жандандырдық. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі ұлттық брендке айналды. Сондай-ақ, «Әлем Барысы», «Әскер Барысы»,«Жас Барыс» сияқты жарыстардың да мәртебесі күннен-күнге артып келеді. 2013 жылы «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Шығыс Қазақстанның тумасы Айбек Нұғымаров топ жарғаны әлі күнге дейін спорт сүйер қауымның есінде. «2013 жылы «Қазақстан Барысын» ұтқан жылы Елбасымен кездестім. Онда Елбасының парасаттылығын көріп, адамгершілігін көріп, сондай рух беріп, рухтанып қайтқан болатынмын. Одан кейін де қаншама жарыстар болды. Біздің спортшыларымыздың басты арманы биік шыңды бағындырып, өзінің елінің Президентімен кездесу. Ол енді әр спортшының арманы» дейді атақты спортшы.