Павлодарда тамыз айында «KSP Steеl» ЖШС Усолка шағын ауданында тоғыз қабатты тұрғын үй, ал желтоқсан айында «Қазақстан Алюминийі» АҚ Амангелді көшесі, 55 мекенжайы бойынша 86 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй салады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Дәулет Мұстафин мәлім етті.
«2016 жылы Павлодарда кәсіпорындар көп қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізеді. Сондай-ақ, облыс орталығында «KSP Steеl», «Қазақстан Алюминийі» және «Павлодарэнерго» үш үйдің, Ақсу қаласында «Қазхром» ҰТК» АҚ, «ЕЭК» АҚ екі үйдің және Екібастұзда «ЕЭК» АҚ бір үйдің құрылысын бастайды», — деді Дәулет Мұстафин.
Басқарма басшысының айтуынша, «KSP Steеl» кәсіпорнының басшылығы ендігі құрылысы аяқталып қалған ғимараттың қасынан тағы бір үй салуға ниет білдірген. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында облыс орталығының Лесная көшесінде 216 пәтерлік, тоғыз қабатты тұрғын үй салу жоспарда бар. «Қазхром» ТҰК» АҚ және «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсуда Строителей көшесі, 40 және 42 мекенжайы бойында көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын бастайды. Ал, «ЕЭК» АҚ Екібастұзда 70 пәтерлік, бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы үшін М. Жүсіп көшесі, 37 «В» мекенжайында жер телімін рәсімдеп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Бұдан басқа, «ПавлодарЭнерго» АҚ биылғы жылы Усолка шағын ауданында тоғыз қабатты, 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын бастау керек.
Облыс әкімі Болат Бақауов «Сарыарқа» тұрғын үй кешеніндегі нөмір бірінші, алтыншы және тоғызыншы тұрғын үйдің құрылысын аяқтауды және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес «KSP Steеl» жүргізетін құрылысқа қосымша жер учаскесін бөлуді қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, «ПавлодарЭнерго» АҚ үшін жер учаскесін рәсімдеу бойынша шешім ұсынуды жүктеді.
Айта кетерлігі, Павлодарда маусым айының соңында «Project City Group» ЖШС Академик Сәтбаев және Теплов көшелерінің қиылысында бес қабатты екі тұрғын үйді пайдалануға береді. Қазіргі таңда көріктендіру бойынша жұмыстар аяқталуда. Инженерлік қызметке желілерді тарту үшін құжаттар тапсырылды. Арендалық баспана «Бәйтерек деволопмент» АҚ-мен бірлесіп, тағы бірнеше арендалық баспана бой көтеруде. Бұл - Кутузов көшесі, 233 мекенжайы бойындағы төрт подъезді, тоғыз қабатты тұрғын үй және Суворов көшесіндегі төрт подъезді, тоғыз қабатты екі тұрғын үй.