Астана қаласында Индустрияландыру күніне орай ұйымдастырылған «Индустриалды-инновациялық жобалар көрмесіне» Алматы облысының атынан төрт жоба қатыстырылды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Атап айтқанда, «Қайнар АКБ», «ZHERSU POWER» ЖШС аккумулятор зауыты, «Леовит» ЖШС фармацевтикалық зауыты және «Алматы тағамдары» ЖШС кондитерлік фабрикасы. Компаниялар көрмеде өздері шығарған өнімдерді көрсетті.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір «Әлеуметтік индустрияландыру» фильмімен басталды. Фильмде индустрияландыру шеңберінде сәтті жүзеге асырылған жобалар ұсынылды.
Олардың қатарында қуаттылығы жылына 14 мың тонна өнім өндіре алатын Іле ауданындағы «Danone Berkut» ЖШС бар. Қазіргі кезде зауыт 58 түрлі өнім шығарады. Оған қоса биылғы жылы өндірісті кеңейту арқылы жаңа сапалық деңгейге шығып отыр. Сондай-ақ «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС өткен жылы жалпы сомасы 600 млн. теңге болатын өнім шығарды. Кәсіпорын өнімдері Ресейге, Қырғызстан мен Әзірбайжанға экспортталатыны да айтылды. Үшіншісі – Қарасай ауданындағы «Келун-Казфарм» ЖШС.
«Индустрияландыру картасы шеңберінде Алматы облысында 2010-2015 жылдары 289,4 млрд. теңге көлеміндегі инвестицияға 51 жоба нақты іске қосылды. Бұл орайда 7550 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар – Қапшағай қаласындағы «Казиндустрия» ЖШС тас өңдеу зауыты, Талдықорған қаласындағы «Жетісу Мажико Агрокешені» ЖШС май өнімдері мен қоспа жем өндірістік кешені, сол сияқты Текелі қаласындағы темір рудалары кенін қазып алу мен өңдеу арқылы инновациялық технологиямен шойын алатын «Bapy Mining» ЖШС. Тартылған инвестицияның мөлшері 14,5 млрд. теңге, 900-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады», — делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында.