Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) ОҚО-дағы өкілдігі мен ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мамандары желтоқсанның 12-13 күндері аралығында Астанада өтетін «Экстремистік және радикалды идеологияның ықпалына ұшыраған тұлғалармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы оқыту семинарына қатысады.
Жалпы, аталған семинар өңірлік Дін істері басқармалары жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының мамандарына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамындағы діни сауат ашу курстарының ұстаздарына, әйелдер қоғамдық ұйымдарының жетекшілері мен белсенді өкілдеріне арнап ұйымдастырылады.
Оқыту семинарында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Арын Берік Сақбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Күлекеев Бақытжан Кеңесұлы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Әбдірәсілқызы Айнұр, Павлодар облысы «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ басшысы Раздықова Гүлназ Мақсұтқызы, Шығыс Қазақстан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ басшысы Беркімбаева Индира Қилымбекқызы және басқа да осы саладағы білікті мамандар баяндама жасайды деп жоспарлануда.
Айта кету керек, бұған дейін оңтүстікқазақстандық дін өкілдерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» университетінің оқытушылары Шымкентке келіп, бірнеше рет дәріс өткізді. Сонымен қатар, облыстың имамдары Алматы мен Түркістанда өткен халықаралық семинарларға қатысып, өзге әріптестерімен тәжірибе алмасты.