пятница, 29 марта 2024 г.
icon
448.15
icon
483.46
icon
4.86
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
5oC
1xadv
×

Амандық Баталов мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыс әкімі Амандық Баталов мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, үздіктерді марапаттады, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Салтанатты шара басталысымен өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтау үшін сөз сөйледі.

«Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деп атап өтті. Бүгінде Еуразияның ең бай да  бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» дейді.Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады, – деп облыста атқарылған жұмыстар мен жетістіктердің көрсеткішін саралап шықты.  – Жетісу өлкесі – қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Қабан жырау, Ескелді, Балпық билерден бастау алып, Молықбай күйші, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Ілияс, Сара, Дәнеш, Мұқан сияқты саңлақтар көтерген өнердің тұғыры  әрқашан биікте. Облысымыздың мәдениет саласының қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда.Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бүгінгі ерекше мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің биік рухы мен өркендеп-өсуіне қызмет етіп, халықты тамаша өнермен қуанта беріңіздер!»

Өңірдің мәдениет саласының бюджеті 2015-2016 жылдарға қарағанда 40 пайызға өсіп, биылғы жылы 7,6 миллиард теңгені құрады. Бұл қаржының 2 миллиард 600 миллион теңгесі Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының жаңа ғимаратының құрылысына бөлінген. Сондай-ақ, мәдениет нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға барлығы 870,2 миллион теңге бөлініп отыр. Жыл сайын жергілікті ақын-жазушылар мен өнер саласы қызметкерлеріне облыс бюджетінен арнайы стипендия беріліп, облыс әкімдігінің қолдауымен қаламгерлердің кітаптары шығып тұрады. Осындай қолдаудың арқасында жергілікті өнерпаздар халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі оралып жүр. Мысалы, Шымкент қаласында өткен Ш. Қалдаяқов атындағы халықаралық байқаудан облыстық филармония әншісі Тілек Нағымбаев жүлделі 1-орынды иеленсе, Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық балалар шығармашылығы байқауына қатысқан үміткерлер облыстың намысын жоғары деңгейде қорғап қайтты. Тере берсек, Жетісу жерінің өнерпаздары қатысқан байқаулар мен фестивальдер өте көп.

Салтанатты шара аясында Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Мұса Әжібеков, «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің әншісі Дәурен Оқапов, Текелі қалалық Мәдениет үйінің әдіскері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстың мәдениеті мен өнеріне үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар, өңірдің өркендеуі жолында еңбектенген мәдениет пен өнер қызметкерлеріне ұжымдарға «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік Мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік өнер ұжымы», «Үздік Халықтық», «Үлгілі ұжым», «Үздік театр әртісі», «Үздік қолөнер шебері» аталымдары берілді. Солардың арасынан Талдықорғандағы «Көркемсурет галереясы» мемлекеттік-коммуналдық қазыналық кәсіпорны «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясы бойынша марапатталып, «Лада Ларгус» автокөлігін иеленді. Үздіктерді облыс әкімі марапаттап, сыйлықтарын өз қолымен табыстады.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0