5 маусым күні Қызылорда облысында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Атап өтсек, бұл байқау Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Сонымен, Шиелі ауданының тұрғындары Исламхановтар әулеті байқаудың жеңімпазы атанды. Отағасы Әрібжан Исламханов тыл ардагері және еңбек ері, жары - Назым Қалменова «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері. Шаңырақ құрғандарына 59 жыл болған отбасы бүгінде 10 баладан 40 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.
Ал,бірінші орынды Жалағаш ауданынан Ғаниевтер отбасы иеленсе, екінші орын аралдық Аймырзаевтар отбасына бұйырды. Жүлделі үшінші орынды сырдариялық Сұлтановтар отбасы мен жалағаштық Нұрмағанбетовтер отбасы қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданынан Арыновтар отбасы «Ұлағатты отбасы» номинациясымен, қармақшылық Шымбаевтар отбасы «Өнерлі отбасы» номинациясымен, Қызылорда қаласынан Балмахановтар отбасы «Қамқорлық» номинациясымен, сырдариялық Мясцовтар әулеті «Отбасылық үйлесім» номинациясымен марапатталды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байқаудың барлық қатысушыларын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, бүгінде ұлттық мәртебеге ие болған «Мерейлі отбасы» байқауы отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше, тағылымды шараның біріне айналып отыр. Аймағымызда төртінші рет өткізіліп отырған бұл мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Биыл байқауға облысымыздың барлық өңірінен 337 отбасы қатысты. Бұл отбасылардың барлығы да керемет, нағыз жеңімпаз отбасылар», — деді аймақ басшысы.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.