Сондай-ақ, онлайн режимде өткен форумға әлемнің 10 елінен: Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Нидерланды, Әзербайжан, Израиль, Түркия, Финляндия, Дания және Қазақстаннан өкілдер қатысты.
Облыс әкімі интернет-форумды аша отырып, «жұлдызды қалашықтағы» бизнестің даму перспективалары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар қазіргі таңда Байқоңыр қаласындағы 14 нысанды аймақтың коммуналдық меншігіне өткізу туралы жұмыстар жүріп жатқанын, ал олардың негізінде өнеркәсіптік контейнерлер жинау, тұрмыстық және өнеркәсіптік құралдар өндірісі, тоқыма, тамақ өнеркәсібі сияқты өндіріс орындарын ашып, туризмді дамытуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Бұдан бөлек 2023 жылға дейін ҚР туристік саласын дамыту Тұжырымдамасы аясында «Байқоңыр» туристік-ойын-сауық аймағын құру жоспарлануда. Бұл аймақта шолу алаңдары, ғарыштық аттракциондар, сауда орталықтары, музей, аквапарк, кинотеатрлар болады. Аталған нысандарды ашу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Қазір инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Біз барлық кәсіпкерлер мен қызығушылық танытқан тұлғаларды осы іске атсалысуға шақырамыз. Байқоңыр қаласы инвесторларды қабылдап, олар үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын», — деді Қ.Көшербаев.
Форумға қатысушылар өз кезегінде «Байқоңыр» кешенін дамыту бойынша, мәселен: ақылды технологияларды енгізу, туристер үшін нұсқаулықтар әзірлеу, өнеркәсіпті дамыту сияқты ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын талқылады.