Әрбір жүргізушінің және жаяу жүргіншінің өмірінде әкімшілік айыппұл төлейтін жағдайлар кездесуі мүмкін. Айта кету керек, бүгінде айыппұл сомасы да аз емес. Ал кез келген азамат салынған айыппұлды толығымен бірден төлей алмайды, деп хабарлайды NewTimes.kz. Сол себепті, қандай уақытқа дейін айыппұлды төлеу керектігі жөніндегі сұрақтар жол қозғалысына қатысушыларды қызықтыруы мүмкін.
Осы ретте заңда да жеңілдіктер бар екенін тағы бір еске сала кетейік. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 810, 811-баптарына сәйкес салынған әкімшілік айыппұлды құқық бұзушы 7 тәулік ішінде 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге мүмкіндігі бар. Мысалы қауіпсіздік белдікті тақпағаны үшін 11 345 теңге айыппұл салынса, оны 7 тәулік ішінде 50 пайыз жеңілдікпен, яғни 5672,5 теңге төлей алады.
Қызылорда облысы бойынша айыппұлдарды өндіру нәтижесіне тоқтала кетсек, ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысы бойынша 34 421 құқық бұзушыларға 346 304 159 теңге айыппұл салынып, оның 168 053 439 теңгесі өндіріліп, өндіру пайызы 48,5 пайызды құрап отыр.
Ал құқық бұзушылар арасында ұялы телефонды пайдаланып көлік құралын басқарған жүргізушілер айыппұлды 7 тәулікте жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін көбірек пайдаланатындығы анықталды. Талдау нәтижелеріне сүйенсек, ұялы телефонмен сөйлесіп автокөлік басқаратын жүргізушілер басым. Яғни бүгінгі таңда әкімшілік кодекстің 591-бабына сай көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланған 6287 жүргізуші анықталса, осы жүргізушілердің 97,35 пайызы айыппұлдарын өз мерзімдерінде төлегендері белгілі болды.
Бұл бағыттары жұмыстар Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен ұдайы жүргізілуде.