Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында облыс бойынша 590 оқушы «Алтын белгі» белгісіне ие болды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Мектеп түлектерін құттықтаған Амандық Баталов оқушылар өздерінің талапшылдығы мен ізденімпаздығының арқасында өмір бойына азық болар ең құнды байлық білімін толықтырып, бүгін жетістіктер жолына қадам басып отырғанын айтты. Бұл орайда ата-аналар мен мұғалімдердің еңбегін де атап өтті.
«Сіздер әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақсыздар. Бұл сіздерге мақтанышпен қатар зор міндеттер жүктейді», — деп атап өтті облыс әкімі.
А. Баталов түлектерді құттықттағаннан кейін, үздіктердің кеудесіне «Алтын белгі» тағып, планшеттер сыйға тартты.
Салтанатты шарада облыстың үздік оқушыларының атынан Талдықорған қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №20 мектеп лицейінің түлегі Асылжан Балатұрсынов пен Іле ауданындағы М. Мақатаев атындағы № 13 мектептің түлегі Аружан Төлебекова сөйледі. Көрсетілген қолдауларға алғыстарын айта отырып, өздеріне артылып отырған сенімнің үдесінен шығатындарына сенідірген түлектер елдің иглігі үшін білім алып, еңбек етуге сөз берді.