пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
10oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Жастардың діни білімін арттыру - заман талабы

Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы оқушылардың бойында деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру, адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында біраз іс-шараларды жүргізіп келеді, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Жалпы білім беретін орта мектептерде жасөспірімдерді заман талабына  сай  діни сауаттылыққа тәрбиелеуге негізделген «Дінтану негіздері» курсы жүргізілетіні белігілі. Айта кету керек, бұл курс БҚО-да 2005 жылдан бастап өтіп келеді, ал  республика көлемінде 2008 жылдан бастап жүргізіледі.

Облыстық білім басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, қазіргі бағдарлама ҚР Үкіметінің  2012 жылғы  23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен ҚР   Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығына сәйкес әзірленген. Өткен оқу жылында облыстағы мектептер «Зайырлылық және дінтану  негіздері» атты  оқулықтарымен толық қамтамасыз етілді.

Құзырлы құрылым өкілдерінің сөзіне қарағанда, курстың  ерекшелігін  ескере  отырып, оның мектептерде  сапалы  берілуі  үнемі  назарда  ұсталуда. Соның  ішінде  курстан  сабақ  беретін  мұғалімдердің  сапалық  құрамы мен  олардың  курстан  өткендігі  жөніндегі  мәліметтер  ерекше  бақылауда.  Мәселен, биыл «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  БҚО  ПҚБАИ  базасында «Дінтану  негіздері» курсын  жүргізетін  343 пән мұғалімдері 36 сағат көлеміндегі  қайта  даярлау  және  біліктілігін арттыру  курстарынан өтті. Барлық мектепте қандай да бір діни, соның ішінде деструктивті ілімдердің таралуына жол бермеу, алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасақталған, психологтар, әлеуметтік педагогтар оқушылармен жүйелі жұмыстанады. Осы тақырып бойынша білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, тәрбие сағаттары, дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдер мен педагог-психологтар бірлесе жүргізетін сабақтар өтеді.

-Біз оқу процесін 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы бойынша еліміздің демократиялық, зайырлы  мемлекет  ретінде әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын құрметтеп, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде Ислам дінінің ханафи бағытындағы және православтық христиандықтың тарихи рөлін танып, конфессиялық келісімнің, діни тағаттылықтың, азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын  таныту  қағидаларын  басшылыққа  алып жүргіземіз,-дейді дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернат кешенінің мұғалімі Мұрадым Батырғалиев.

Терроризмге қарсы іс-қимыл және діни экстремизмді алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың іс-әрекеттер алгоритмі, терроризм актісінің қауіпі төнген жағдайда немесе терроризм актісі жасалған жағдайдағы мінез-құлық дағдысын анықтау бойынша білім беру ұйымдарының оқушыларына нысанда террористік акт болған уақытта өзіңді  қалай ұстау керектігі туралы жадынама барлық білім беру ұйымдарына жолданған. Білім басқармасы тарапынан білім мекемелеріне  қауіпсіздік  шараларын  қатаң бақылауға алу, оқушылар арасында түсінік  жұмыстарын жүргізу мақсатында террористтік актілерді болдырмау жөніндегі халыққа арналған жадынаманы жіберілді. Жадынамамен ата-аналарды, оқушыларды, ұжымды ақпараттандыру мақсатында олар білім мекемелерінің ресми сайтында орналастырылған. 

Облыстық білім басқармасы соңғы жылдары жаңа оқу жылының басында мектептер мен колледждерде діни бағытты ұстанатын оқушылардың тізімін жасақтап, ата–аналармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес білім алушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті. Алайда өткен оқу жылында міндетті мектеп формасын сақтамай, 118 оқушы орамалмен, алтауы хиджабпен келген. Білім беру мекемелерінде дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын  ата-аналармен түсіндіру жұмыстарының ұдайы жүргізілуі нәтижесінде ол оқушылардың біразы орамалдарын шешіп, міндетті мектеп формасына ауысты.

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы шеңберінде діни себептермен сотталғандардың балаларына көмек көрсетіледі. Жазғы демалыс кезінде лагерлерде түсінік беру жұмыстары жүргізілді, соның ішінде «қиын топтағы» оқушыларға жіті назар аударылады. Әскери-патриоттық, далалық «Жігер» лагері,  Орал қалалық білім бөлімімен әскери-патриоттық «Қайсар»  лагерлерінде дін, ішкі істер, прокуратура құрылымдары өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Батысқазақстандық педагогтар да қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыруды қажет деп санайды. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты екені анық. Сондықтан жастардың діни білімдерін арттыруы, дәстүрлі құндылықтарды сақтауы - бүгінгі заманның талабы.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0