суббота, 30 ноября 2024 г.
icon
511.22
icon
540.05
icon
4.73
Алматы:
icon
7oC
Астана:
icon
-13oC
×

Қызылорда қаласы тұрғындары үшін мерекелік шаралар дайындалуда

Үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы күнін атап өту  18-23 қыркүйек аралығында болып белгіленді, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».

2017 жыл – Қызылорда қаласы үшін табысты басталды деуге толықтай болады. Қала тұрғындарының игілігі үшін жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жалпы ауданы 240 580 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз қоныс тойын тойлады. Қаламыз үшін ең маңызды саналатын қалаішілік жолдарды жаңғырту келер болсақ, қазіргі уақытта қала көлемінде жалпы ұзындығы 73,6 шақырымды құрайтын 124 көшеге орташа, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда. 4 жолақты бұл жолдың ені 14-21 метр болса, 11,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолымен, 4,4 шақырым болатын 156 дана түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама салынды және екі бетіне барлық талаптарға сай суағар қарастырылған. Сонымен бірге, біраздан бері шешімін таппай келе жатқан «Сәулет» мөлтек ауданының 35 көшесін жөндеуге қол жеткізілді.

Қала күні қарсаңында «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласы бойынша ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізуге Республикалық бюджеттен 3 млрд. 43 млн. 907 мың теңге қаржы бөлініп, бұл қаржыға 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылып, жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Биылғы жылға, жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн. 100 мың теңге қаралған. Өздеріңіз білесіздер, тұрғындардың барлығында бірдей фитнес клубтар мен спорт залдарына баруға мүмкіндіктері жоқ. Осы бағытта тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануларына ықпал ету мақсатында бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қаралып, «Қала күніне» орай тұрғындарға тарту ретінде барлығы 20 дана спорттық-жаттығу алаңдары салынуда. Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл алаңдар ағымдағы жылдың қараша айына дейін толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Келер жылы қаламыздың 200 жылдық мерейтойы екендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі күні айтулы мерейтойлық датаны жоғары деңгейде атап өту үшін қарқынды дайындық жұмыстары басталып кетті. 200 жылдық мерейтойдың басты тартуы - Қызылорда қаласының сол жақ жағалауын пайдалануға беру болып табылады. Сырдария өзенінің сол жағалауын дамытудың түбегейлі жоспарлау жобасының жалпы көлемі 1 мың 532 гектар болса, бірінші кезекте жоба бойынша жүзеге асырылуы тиіс 500 гектар аумаққа әкімшілік ғимараттар мен түрлі мақсаттағы әлеуметтік нысандар салынады. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады, оның ішінде: 11 тұрғын аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парктер мен бульварлар қарастырылған. Сол жағалауды кешенді игерудің 1-ші кезеңі - сол жағалау алаңының және қажетті инфрақұрылымдарының құрылысы 2017-2024 жылдар аралығында жоспарланса, алғашқы қадамы ретінде былтырғы жылдың соңында Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірі пайдалануға берілді. Ал, ағымдағы жылдың 17 мамырында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Аталған құрылыс нысандарын 2018 жылға толық аяқтау жоспарланған. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектептің, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап осы аумақта жастар орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, неке сарайын салу жоспарланса, бүгінде жоспарланған нысандардың бірі «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің өткенінен сыр шертер, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттарының іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген 68 млн. теңгеге «Онкологиялық орталықтың» жоба-сметалық құжаттары әзірленуде және құрылыс жұмыстарын бастау қазан айына жоспарлануда.

Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен сый-тарту ретінде қала орталығында құрылысы жүріп жатқан ірі сауда және ойын-сауық орталығы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

«Қала күні» мерекесі қарсаңында «Туған жер – таза мекенім» айлығы аясында 1-30 қыркүйек аралығында «Таза қала - жанға дауа», «Саябақтар шеруі» экологиялық акцияларын ұйымдастыра отырып, қаламыздағы барлық саябақтарда арнайы сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстарға қала тұрғындарының атсалысуына ықпал жасау мақсатында 10-24 қыркүйек аралығында «Таза көше», «Әдемі аула», «Үлгілі ауыл», «Әсем ғимарат» байқаулары ұйымдастырылып, арнайы комииссияның шешімімен жеңімпаздар қала әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.  Қала тазалығы – ортақ іс, ортақ абырой. Тазалық әрбір жанұяның ауласынан басталады. 18 қыркүйек «Мерейлі мереке» күні болып бекітіліп, ол күні «Сыр сүлейлері» аллеясында «Қымыз, шұбат», «Қауын – қарбыз», «Бауырсақ» фестивалдері және «Аспаздар сайысы» атты аспазшылар байқауы ұйымдастырылып, онда жергілікті кәсіпкерлердің ең сапалы өнімдері көпшіліктің назарына ұсынылса, «Сүйікті қалам Қызылорда» атты фото-суретшілердің байқауында қаламыздағы әуесқой және кәсіпқой фотосуретшілердің қала күніне арналған еңбектері тұрғындарға тарту етілетін болады. Қала күні мерекесінің алғашқы күнінің қорытындысы ретінде орталық алаңда «I LOVE QYZYLORDA» Диджей fest» жастар кеші өткізіледі.

«Білімді ұрпақ – ұраным» болып бекітілген 19 қыркүйек күні орталық алаңда «Шеберлер ауылы» этноауыл көрмесі, «Балаға мейірімді қала» жас суретшілер байқауы, «Жас ұлан» атты бірнеше спорт түрлерінен оқушылар арасында спорттық сайыстар, «Сүйкімді бүлдіршін - 2017» байқауы, «Сүйікті қалама-199 жыл» мектеп оқушыларының флешмобы ұйымдастырылса, А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Өткені сырлы, келешегі нұрлы, Қызылордам» атты Қазақстан қалаларының мектеп оқушылары арасында шығармашлық өнер фестиваль-конкурсы өткізіліп, қорытындысымен орталық алаңда жеңімпаздарды марапаттауға арналған гала концерт өтеді.

Жоспарға сәйкес 20 қыркүйек «Жүрек жылуы» күні ретінде бекітіліп, қайырымдылық шараларына арналатын болады.Бұл күні орталық алаңда алғаш рет Қызылорда қаласының 199 жылдығына арналған «Тәтті тарту» атты көлемі 199 см торт және тәтті тоқаштар мүмкіндігі шектеулі балаларға таратылып, «Жомарт жүрек» акциясы аясында қалалық мәдениет және демалыс паркіндегі ойын-сауық атракциондары тегін қызмет көрсететін болады.Сондай-ақ, осы күні «Жүрек жылуы аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету акциясы, «Жүрегім толы мейірім» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік концерті мен «Жүрек жылуы» акциясы аясында кресло арбада отыратын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шарасы ұйымдастырылады. 21 қыркүйек «Салауатты ұрпақ – ел болашағы» күні болып айқындалып, бұл күн тек спорттық шаралар мен сайыстарға арналады.

Шаралардың басы ретінде Қорқыт Ата ескерткіші -Тәуелсіздік даңғылы – Тұңғыш Президент саябағы аралығын қамтитын қала тұрғындарының қатысуымен «Сыр байк» атты велошеру және Қорқыт Ата ескерткіші -Тәуелсіздік даңғылы – «Сыр Ана» монументі аралығын қамтитын «Сыр жағалауы - 2017» атты жүгіруден марафон ұйымдастырылады. Сонымен бірге, «Сыр Ана» монументінде қазақша күрестен «Қызылорда батыры» атты турнир өткізіліп, орталық алаң мен Тасбөгет кентіндегі жастар арасында STREET WORKOUT-тан жарыс ұйымдастырылады. Қалмыздағы бірқатар спорт алаңдарында бір мезгілде жастар мен жасөспірімдер арасында кіші футболдан «Туған күн» кубогі ойнатылып, орталық алаңда «11 REGION» атты стритболдан сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. 22 қыркүйек «Руханилы, қазыналы Қызылорда» күні болып бекітіліп, мәдени-көпшілік шараларға ұласады. Мерекелік күн «Көңілді жолаушы» атты қалаішілік үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердегі қала өнерпаздарының жолаушылармен бірге ән айтудан бастау алып, «Үш кемеңгер» ескерткішінің жанындағы аллеяда «Кітап бульвары» атты кітаптар жәрмеңкесі және әдеби кешке ұласады.

Сонымен бірге, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобының концерттік бағдарламасы, «Театр fest» атты Қызылорда қаласындағы балалар қуыршақ театрлары мен «Жастар» театрының қойылымдары, «Сүйікті қалам Қызылорда» атты фото-суретшілердің байқауы және КАРАОКЕ-баттл, «Театрлар алаңы» атты Қызылорда қаласындағы балалар қуыршақ театрларының қойылымдары ұйымдастырылады.

Бұл күн Қызылорда қаласының туған күніне арналған «Дария жағасындағы  қала» атты қаламыздың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген құрметті азаматтармен ашық аспан астындағы кездесумен аяқталатын болады.

«Сыр елінің сый - тартуы» болып бекітілген 23 қыркүйек күні арнайы белгіленген орындарда Қызылорда облысы аудандарының ауылшаруашылық өнімдерінің «Сыр елінің сый-тартуы» атты жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шара барысында әрбір ауданның өнерпаздары Қызылорда қаласы тұрғындары үшін мерекелік шараларын ұсынады.

«Қала күні» мерекесіне арналған мерекелік аптаның қорытындысы ретінде «Келбеті көркем, келешегі кемел Қызылорда» атты Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала концерт ұйымдастырылып, салтанатты шараның соңы 20 минуттық отшашуға ұласады.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0