Ауылдық аумақтарды дамыту қолданылып жүрген мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Олардың ішінде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы да бар, деп хабарлайды NewTimes.kz.
«Батыс Қазақстан облысында биылғы жылы ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға 23,1 млрд.теңге бөлінді, соның ішінде республикалық бюджет есебінен 12,2 млрд. тенге, қалғаны жергілікті қазынадан», — дейді БҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлімі басшысы Райса Еркеғалиева.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың негізгілерін таратып айтайық. Зеленов ауданы Дарьян ауылында 100 орындық интернаты бар 300 орындық жалпы орта білім беретін мектеп құрылысы - батысқазақстандықтар асыға күтіп отырған игілікті істің бірі. Оған республикалық бюджет есебінен 401,4 млн теңге бөлінді.
Ал Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында бір қабатты 6 коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүруде. Ал таяуда 95 жылдық мерейтойын атап өткен Жәнібек ауданының тұрғындары осы шара кезінде су жаңа 8 үйде қоныс тойын тойлады. Олардың құрылыстарына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге 153,8 млн.теңге қаралғанын айта кетейік.
Облыстағы өзекті мәселенің бірі – электр сымдарының тозуы. Соның салдарына біраз батысқазақстандық қыс айларында қиналатыны рас. Яғни сулы қар мен мұзақты көтере алмай желілер үзіліп біраз ауылдар жарықсыз қалатын кездер болады. Соның бірі - Теректі ауданындағы Жаңа өмір ауылы. Бұл мәселенің шешу үшін осы ауылдағы элект желілерін жаңартуға 109,4 млн.теңге қаржы бөлінді. Бұйыртса, жаңаөңірліктер биылғы қыста жарықсыз қалмақ емес.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 5 білім беру нысанының құрылысын жүргізуге 458,7 млн.теңге қарастырылған еді. Соның төртеуі – Орал қаласында. Жоспар бойынша олардың екеуі биыл, қалған екеуінің құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ құрыш білекті құрылысшылардың жедел қимылынан бәрі де жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. Сонымен бірге 7 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Бөрлі ауданындағы Кентүбек және Успен ауылдарында денсаулық сақтау нысандарының да құрылысы жүруде. Ал одан бөлек өңірдегі 19 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге 896,7 млн.теңге қаралған. Сонымен қатар 4 мәдениет нысаны да жаңа кейіпке енбекші.