Жиырма алты жыл бұрын біз Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Дүние жүзіне тәуелсіздігімізді жария еттік. Тәуелсіздік – бабалардың аңсаған арманы, қайсар рухының жемісі, халықтың бақ жұлдызы, мемлекетшілдіктің алтын діңгегі.
Бұл туралы ҚР Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласында өткен салтанатты жиында БҚО әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Оның айтуынша, біз бейбітшілік пен келісімге негізделген тәуелсіз мемлекет құрып, экономикалық даму жағынан жыл сайын халықтың әл-ауқатын арттыратын қазақстандық модельді қалыптастырдық. Қазақстандықтардың жасампаз еңбегі мен бірлігінің арқасында ғана осындай жетістіктерге жеттік. Қазақстандықтар еркін, тәуелсіз, мықты мемлекеттің азаматтары болып табылатынын мақтан тұтады.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде Батыс Қазақстан облысында өнім өндіру көлемі үш мың есе өсіп, 60 мектеп, 80 балабақша, 105 емдеу мекемесі ашылып, 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі 2300 есеге артты. Өңірлік жалпы өнім көлеміндегі өнеркәсіптің арасалмағы екі есеге жуық жоғарылады. Шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда. Соңғы он жыл ішінде кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны 2,5 есеге көбейді. Тек биылдың өзінде 300 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 70 пайыз жоғары. Жалпы облыс бойынша 500 шақырым шамасындағы аутокөлік жолдары жөнделу үстінде. Барлық қаржыландыру көздері арқылы 24 білім нысаны салынуда, соның оннан астамы жеке инвестиция есебінен бой көтеріп жатқан балабақшалар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Орал қаласы мен аудандарда 1700 үй салынуда. Сондай-ақ өңіріміздің ауылдарын, әсіресе, алыс аудандардағы елді мекендерді газдандыру мен сумен қамту жұмыстары да жүруде. Мәселен, бес ауданның 35 елді мекені, соның ішінде 106 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылса, 35 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді орталықтандырылған ауыз суға қосу жұмыстары жүруде.
Ару Ақ Жайық – Жұбан мен Қадырдың поэзиясы өрбіген, Дина мен Құрманғазының күйі, Махамбеттің жыры төгілген, Жәңгір хан мен Жаһаншаның жаңашылдығымен жалғасқан рухани мекен. Егемендігіміздің еңселі, Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашанда биік болуы үшін әрқайсымыз ұлы халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы айтқандай «елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылып қызмет етуге тиіспіз!». Сондықтан да бабаларымыздың аманатын алып жүру – бізге парыз», — деді Алтай Сейдірұлы.
Жиын барысында облыс әкімі ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар батысқазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.