воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-3oC
Астана:
icon
-11oC
×

Қазақстандықтардың Эверестей биік мақсаттарды бағындыруына мүмкіндік мол

Әрбір азамат туған жеріне, атамекенніне қарыз екенін естен шығармауы керек. Сол кіші Отанымыздың алдындағы азаматтық парызымызды өтейтін уақыт келді. Бұған Елбасымыздың өзі жол ашып берді.

Бұл туралы Оралда өткен «Туған өлке – тірегім» атты форумында сенатор Бірғаным Әйтімова мәлімдеді. ТЕDTalks форматында болған шараға Батыс Қазақстан облысынан шыққан белгілі саясаткерлер, экономистер, кәсіпкерлер, спортшылар, өнер қайраткерлері келді.

Форумды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов шақыруды қабыл алып, Орал өңіріне келген жерлестерге, қонақтарға ризашылығын білдірді. Бұл Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында болған шара болғасын жиында сондағы негізгі жайттар сөз болды. Облыс басшысы білімнің салтанат құруына тоқталып, өңірде бұл бағытта қолға алынған іс-шараларды баяндап өтті. Форум барысында обылыс әкімінің қандай кітап оқитыны да белгілі болды.

-Мен бүгінгі шараға өзімнің оқитын кітаптарымды да алып келдім. Кітап оқуға уақыт жоқ деген сөз – өтірік. Ниет болса, уақыт табылады. Әрине, бірінші кезекте жұмыс қой. Әркімнің атқарар өз міндеті бар. Дегенмен кітап оқуға уақыт табуға болады. Шетелге бара жатқан достарым кейде не әкелейін деп сұрағанда кітап қосып жіберемін. Әкелгеннен соң қызыға оқимын. Мен көбіне іссапарға шыққанда жолда, әуежайларда кітапқа бас қоямын,-деген Алтай Сейдірұлы өз тұрақты оқитын кітаптарын көрмеге қойып, әрқайысына жеке-жеке шолу жасап таныстырып шықты. Олардың ішінде Абайдың, Елбасымыздың және шетелдік ойшылдар, саясаткерлер, экономистердің еңбектері бар.

Жиында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімованың айтуынша, күні кешеге дейін туған жеріне, туған өлкесіне жақсылық жасау жерлестік, рушылдық деп қабылданып, оның арты сыпсың сөздерге ұласқан. Мемлекет Басшысының бұл бағдарламалық мақаласы осындай келеңсіздіктердің тамырына балта шабары хақ. Яғни бұған дейін Президентіміз қазақстандықтардың еңбек етіп, ақша тауып, дәулетін арттыруына мүмкіндік берсе, енді осы жинаған қаржысының бір бөлігін туған жердің, атамекеннің алдындағы азаматтық парызын өтеуге жол ашып беріп отыр. Сондықтан кеше сабақ беріп, біздің осындай жағдайға жетуімізге себепші болған, қазір ауылдағы зейнеткердің біріне айналған мұғаліміміздің үйінің шатырын жөндеу, не көп жыл көрші болып, жақсылығын аямаған көрші-көлемге су не газ тартып беру, болмаса ауылға жол, көпір салу немесе мектепке, балабақшаға заманауи сыныптар ашуға көмек көрсету, нұр үстіне нұр емес пе?! Туған жерге деген махаббаты құр сөзбен емес, нақты іспен көрсететін уақыт жетті!

Ал ақжайықтықтардың мақтанышы, белгілі альпинист Мақсот Жұмаев патриоттық бағыттағы форумға келгеніне қуанышты екенін айтып, өзінің сөзін жас жерлестеріне арнады. Үлкен өмір жолында кездестетін түрлі кедергі мен қиындықтан қорықтауға шақырды. Бойдағы ниет, білім, еңбек және қазақстандық патриотизм арқылы барлығын жеңуге болатынын айтты. «Әркімнің жанында өз Эвересті бар, оны бағындыру өздеріңе байланысты,-деді Мақсот Жұмаев.-Қазақстандықтардың Эверестей биік мақсаттарды бағындыруына мүмкіндік мол, себебі мемлекет тарапынан көп жағдай жасалып отыр».

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0