«Мәңгілік ел» партиоттық актісін таныстырған кезде Елбасымыз бұл құжаттағы жеті тұғырдың бірі ретінде Зайырлы мемлекет пен Жоғары руханиятты атап өтті. Бұл -Тәуелсіз Қазақстанның маңызды игіліктерінің бірі де бірегейі. Түрлі ұлттар мен этностар діндерінің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі, бүгінгі қазақ елінде бөлінбейтін біртұтас жасампаздық пен келісім жағдайының негізі.
Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей Қазақстандағы дінаралық жағдайды дәл осылай бағалайды. Батысқазақстандықтардың ілтипатына бөленген жасы сексенге жуықтап қалған ол тәуелсіздік таңы атқаннан бері қазақ елінде еңбек етіп келеді.
-Қазақстандағы дінаралық келісім үлгісі — біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы құндылық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі дегеніміз – ол әртүрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуі бүкіл әлемдік процеске Қазақстанның қосқан шынайы үлесі» дей аламыз.
Жалпы Қазақстанда ұлтаралық, дінаралық татулықты дамытуға барынша жағдай жасалды. Мысалы бұрынғы КСРО мемлекеттерінің бірде-бірінде Рухани келісім күні секілді мейрам жоқ. Сол үшін Мемлекет басшысына менің айтар алғысым зор. Қазір түрлі дін өкілдері бір-бірінің мейрамдарына барып, құттықтап, қонақ болып, ізгі тілектерін білдіреді. Бұрын Орал қаласында бір проваслав храмы, бір мешіт қана болды. Ал қазір қанша?! Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасында келді. Бірінші Жаратушы иеміздің, екінші Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз қалаған дінімізге бетбұрып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұстанып, еркін өмір сүріп жатырмыз. Біз – қазақстандықтармыз! Мұның өзі осындағы ұлт пен ұлыстардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің, бауырмалдылығының, достығының одан әрі арта түсуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.